KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 3 м/с, ОБ
504.49 587.73 6.57

Жасанды зерде көзқарасы: Өскемендегі ерекше көрме

Бүгін, 18:30 52 Базарова Айгүл

Ел Тәуелсіздігінің 34 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан өнер музейі көрермен қауымға тың форматтағы, мазмұны терең ерекше жобаны ұсынды. Өнер ордасында бейнелеу өнерінің тарихындағы жаңа белесті айқындайтын «Бостандық жолы: жасанды зерде көзқарасы» атты ауқымды көрме ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Көрменің басты идеясы – ұлттық сананың қалыптасу жолын, халқымыздың бостандыққа ұмтылған тарихи күресін және тәуелсіз ел ретінде алға қойған биік мұраттарын өнер тілі арқылы кешенді түрде паш ету. Ұйымдастырушылар уақыт пен дәуір айырмашылығына қарамастан, ұлттық рухтың үзілмейтін жібін көрсетуге ұмтылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, көрме классикалық өнер мен жасанды зерде жасаған цифрлық туындыларды салыстыра отырып, өткен мен болашақты бір көркем кеңістікте сабақтастырады.

Көрме залының бір жағына қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан он екі көркемөнер туындысы қойылса, қарсы бетке жасанды зерденің көмегімен жасалған он екі картина ілініпті.

– Бұл көрме – адам қолымен жасалған дәстүрлі өнер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерінің тоғысқан тұсы. Жасанды интеллект ұлттық тарихты, рухани мұраны жаңа қырынан танытуға көмектеседі, бірақ ол қылқалам өнерін алмастырмайды. Біздің мақсат – жастарға мәдениет пен өнерді заманауи технологиялар арқылы жақындату, құндылықтарымызды жаңа тілмен жеткізу, – деді Шығыс Қазақстан өнер музейі директорының орынбасары Есенбол Нақтыбай.

Көрме идеясының авторы Шығыс Қазақстан өнер музейінің маркетинг бөлімінің меңгерушісі Нұрболат Ғазизовтың айтуынша, жасанды интеллект көмегімен көрме жасау – бұрыннан мазалап жүрген ой екен. Өзі суретші болмаса да, бейнелеу өнеріне үлкен құрметпен қарайды. Осы өнерді жаңа тәсіл арқылы қалай жеткізуге болады деген ізденіс әрдайым болған. Сол ойдың нәтижесінде бұл идея музей қабырғасында қолға алынып, басшылық жағынан қолдау тауыпты.

– Бір айдан астам уақыт бойы тынымсыз жұмыс істедік. Алдымен жасанды интеллектіні өз мақсатымызға бейімдеп “үйреттік”, тақырыптық бағыт бердік. Нәтижесінде Тәуелсіздікке арналған 11 туынды, оның ішінде балаларға арналған 4 картина дүниеге келді. Бұл жұмыстар жол-жөнекей жасалған қарапайым суреттер емес – әрбір картинаның астарында идея мен ішкі ой жатыр. Жасанды интеллект бұл жерде дербес автор емес, ол – тек біздің идеямызды жеткізетін құрал, символдық тәсіл ғана. Біз біреудің дайын туындысын көшірмеуді принцип ретінде ұстандық. Әр сурет еш жерде болмаған, тың образ ретінде жасалды, - дейді Нұрболат Ғазизов.

Бір көріністің өзін қалыптастыру оңай емес. Кейде бір ғана туындыны 20–30 рет қайта өңдеуге тура келген. Мәселен, Қайрат Рысқұлбеков пен Сәбира Мұхамеджановаға арналған композиция бір ай бойы ізденіспен дайындалды – көрген сәтте бірден сол тарихи оқиғаны еске түсіретін әсер беру басты мақсат болыпты.

«Қанмен келген таң» - Қайрат пен Сәбираның портреттері, Әлихан Бөкейхан бейнеленген «Мәңгілік тұлға» портреті, «Үміт таңы» картинасы, Алаш қайраткерлерінің кескінделуі арқылы азаттық жолындағы саяси күрестің, сондай-ақ Желтоқсан оқиғасына арналған жұмыстар арқылы Тәуелсіздікке апарар ауыр да қасіретті жолдың көркем көріністері қамтылған. Әрбір туынды – ұлттық рухтың қалыптасу кезеңдерін тереңнен толғайтын тарихи айғақ іспетті. Көрермен еркіндік жолындағы күрестің мәні мен маңызын сезініп, өткенге тағзым жасап, тарихи жадымыздың көркем бейнесін көз алдына елестете алады. Әр суреттің қасындағы QR кодқа сұрақ қойып, суретте бейнеленген тұлға не оқиға туралы толығырақ мағлұмат алуға болады.

– Бұл жерде суретшінің қолынан шыққан да, жасанды зерде салған суреттер де көп екен. Әр суреттен тарихымыз туралы ақпарат алуға болады. Түсінгенім, қазіргі заманда жасанды интеллект алдыға шығып бара жатыр. Жасанды интеллектпен бір күннің ішінде көптеген нәрсені үйреніп, істеуімізге болады. Менің ойымша, жасанды интеллект біздің болашағымыз, - дейді Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп- лицейінің сегізінші сынып оқушысы Әлихан Советханов.

Көрмені тамашалаған көрермендердің ойы да бір жерден шықты. Жасанды зердені тек көмекші құрал ретінде пайдалануға болады. Ол дамыған сайын суретшінің қолынан шыққан төл туындыларының құны, керісінше, арта түседі.
Кеш барысында халықаралық “Шабыт-2025” фестивалінің жеңімпазы, талантты жас ақынымыз Оразай Жеңісұлы Тәуелсіздік тақырыбына жазылған туындыларын оқып, «Жұлдыз» балалар мектебінің өнерпаздары өз өнерлерін паш етті.

Идея авторлары алдағы уақытта да жасанды интеллектіні жеке “суретші” ретінде емес, жаңа идеяларды жеткізудің қосымша құралы ретінде пайдаланбақ. Болашақта махаббат тақырыбына, оның символына айналған Баян мен Қозының тағдырына арналған жұмыстар жасау жоспарда бар. Сонымен қатар, дайын туындыларды мультфильм мен анимация форматында бейнематериалға айналдыру идеясы да қолға алынуда.

Көрме 6-қаңтарға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар барлық қала тұрғындары мен қонақтарды ұлттық рух пен заманауи өнер тоғысқан осы бір ерекше экспозициясы тамашалауға шақырады.


Айна Бакимбаева

Фото: Артем Жигулин 

Видео: Руслан Акматалиев 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу