Тарбағатайда «Алтын шаңырақ» пен «Күміс кереге» иелері анықталды
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында 17 наурыз Шаңырақ күні болып белгіленген. Айтулы күнге орай Тарбағатай ауданында берекесі мен бірлігі жарасқан үлгілі отбасылардың қатысуымен «Алтын шаңырақ», «Күміс кереге» атты мерекелік шара өтті.
Шаңырақ көтергендеріне 50 жыл болған қарияларымыз бен отасқандарына 25 жыл толған «күміс той» иелері көпшіліктің қошеметіне бөленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сән салтанаты жарасқан қатысушылар қатарында отау құрғандарына 50 жыл толған Ақжар ауылының тұрғындары Бейсенбай Қасенов пен Сәбира Әшімұханбетова, Қабанбай ауылының тұрғындары Сейітхан Имажанов пен Бақтыкамал Елеусізовалар «Алтын той» иелері атанып, оларға елдің ықылас-құрметі ерекше болды.
Осыдан 25 жыл бұрын шаңырақ көтерген «Күміс той» иелері Ермек Ысқақов пен Ботакөз Алдакенова, Дәурен Төлеубаев пен Айнаш Казретова, Сұңғат Сарымбаев пен Балжан Каженова, сондай-ақ үйленгендеріне 20 жыл толған «Кәрлен той» иелері Бақытжан Егінбаев пен Динара Егінбаевалар кештің көркін қыздыра түсті.
Мерекелік кеш соңында «Алтын той», «Күміс той» иелері салтанатты түрде ауданның құрмет кітабына қол қойып, тіркеу рәсімі жүргізілді.
Фото: Тарбағатай ауданының әкімдігі