Наурызнаманың төртінші күні – «Шаңырақ»
t.me/nauryznama
Шаңырақ – материалдық және рухани мұраның символы.
Бұл күн сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық және рухани мұра, сонымен қатар отбасының тұрақтылығы мен ұрпақтың үздіксіз жалғасуының символы.
Наурыз – туыстық байланыстарды сақтауға және қадірлеуге үндейтін отбасылық мереке. Бұл – әрбірімізге жақын әрі бәрімізді біріктіретін құндылықтар. Ендеше, 17 наурыздың тақырыбы отбасы институтының маңыздылығын еске салып, туыстық қарым-қатынастарды нығайтуға себеп болады.
Отбасы – әр адам үшін басты құндылықтардың бірі, ол мемлекет пен қоғам тұрақтылығын сақтауда, жас ұрпақ тәрбиесінде, елдің дамуында маңызды рөл атқарады. Ең негізгі адами қағидалар – төзімділік, жанашырлық, қамқорлық, мейірім мен ізгілік сияқты қасиеттер балаға ең жақын туыстары мен жақындарының ортасында дариды. Бала кезде берілген тәрбие өмірлік қағидаға айналып, басқа адамдармен қарым-қатынасқа тікелей әсер етеді. Сондықтан сапалы ұлт қалыптастыру жолында еңбекқорлық, білімпаздық, тілеулестік сияқты қасиеттерді отбасы институты арқылы сіңірудің маңызы зор.
Осы орайда, бұрын да, қазір де көптеген жастар наурыз айында үйленуге тырысады, яғни киіз үйлер тігіліп, шаңырақтар көтеріліп, алыстағы ағайын қарашаңыраққа жиналатын кезең үйленуге өте қолайлы.
Сондықтан бұл күні Наурыздың құрметіне ұлттық киім киген жас жұбайлардың некесі қиылып, оларға ірі әулет иелері – сыйлы қарттар, көп балалы аналар «Наурыз бата» береді, яғни жас жұбайларға, тұтас елге бақыт пен береке тілейді.
Бұл күні 25 жыл және 50 жыл отасқан ерлі-зайыптылар арасында өткізілген «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» байқауларының жеңімпаздары марапатталады. Байқаудың басты шарты – «Адал азамат» құндылықтарына сай ұрпақ тәрбиелеген өнегелі отбасы болу.