ШҚО-да әскердегі тергеуші офицерлер марапатталды
Бүгін Қазақстан Республикасының тергеу саласы қызметкерлерінің төл мерекесі. Осыған орай, ҚР ІІМ Шығыс өңірлік әскери тергеу басқармасы Өскемен бөлімінің бастығы подполковник Қасенов Дархан Болатбекұлы бастаған офицерлер ұжымы әскери-тергеу саласында қызмет атқарған зейнеттегі аға буынға құрмет көрсетті.
Дархан Болатбекұлы ҚР ІІМ Шығыс өңірлік әскери тергеу басқармасы бастығы полковник Мұхамет-Қали Қарсыбековтың атынан 2001-2014 жылдары тергеуші лауазымында қызмет атқарған Чалкенов Марат Сағатқанұлы мен 1998-2012 жылдары дәл осы салада еңбек еткен Кузьмин Александр Анатольевичті тергеу саласына сіңген еңбегі үшін арнайы алғыс хаттармен марапаттап, арнайы сыйлықтар табыс етті.
Сонымен қатар, әскери ортада орын алып жатқан қылмыстық істерді тергеу жұмыстарында көрсеткен шеберлігі мен жетістіктері үшін Өскемен бөлімінің үш бірдей тергеушісі құрмет грамоталары мен арнайы сыйлықтарға ие болды.
-Жалпы, тергеуші қызметі сауаттылықты, жоғары білім мен жауапкершілікті талап ететін, маңызды міндет. Өйткені, олар нақты айғақ жинай біліп, қылмыскерді анықтай білуі тиіс.Сондықтан, бұл қызметке тек тәжірибелі, таңдаулы мамандар ғана шақырылады-дейді подполковник Дархан Қасенов.