Министрлікті "Азия Авто" ұжымы өзі сотқа берген - Даниал Ахметов
ШҚО әкімі Даниал Ахметов өзінің есептік кездесуінде «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» Компаниялар Тобында болып жатқан жағдай туралы түсіндіріп өтті.
Көпшілігіне мәлім болғандай, компанияның зауыт бөлігі жабылып, 2000-ға жуық қызметкері жұмыссыз қалғайы тұр. Себебі «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» Компаниялар Тобының мемлекет алдындағы берешегі көп.
- Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі мен кәсіпорын арасында келісім жүйесі бар. Министрлік кәсіпорынға белгілі бір сомада жеңілдік берді. Ал есесіне кәсіпорын алған соманың көлемінде шама шарқынша өзінің кәсіпорынын кеңейтуі тиіс болатын. Қазақстандық өнімді шығарып, индустриялық саланы дамытып, жаңа жұмыс орнын ашып, ел экономикасын алға бастау керек еді, - деп мәселенің мәнін түсіндіре бастады Даниал Ахметов.
Иә, әкім атап өткендей, 2010 жылдан бері министрлік пен компания арасында осындай келісім бар. Алайда 2010 жылдан бері 10 жыл ішінде нәтиже көрсетіп, келісілген жұмыстар атқарылмаған.
- Алған қаражаттың орны толықтырылмады. Сондықтан сот ісі басталып кетті. Сонымен қатар тағы бір ескеретін жайт, министрлікті Азия Автоның ұжымы өзі сотқа берген. Сот дұрыстап қарап, соңғы 10 жылды сараптап, ешқандай істің жасалмағанын көріп, мәселені қорытындылады, деді Даниал Ахметов.
Ұжымды тарату үрдісі ақпан айының басында соңғы сот отырысынан кейін басталған. Сот үкімімен компания республикалық бюджетке 173 млрд 979 млн 726 мың теңге көлемінде шығын келтірілгені расталды. Осылайша Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің мемлекеттік баж салығын өндіріп алу туралы талабы қанағаттандырылды.
Одан бөлек өткен жылы министрлік компанияның қосылған құнға салық төлемеу төлемеу мүмкіндігі сияқты жеңілдіктерді де қайтып алған.
Сондай-ақ, аймақ басшысы отандық автоөндірісте үлкен нәтиже көрсетіп жатқан өзге өңірлердегі компанияларды да мысалға алды.
- Алматыда 1 жыл бұрын ғана біздегідей «Астана моторс» зауытын салып, жақсы жұмыс істеп келе жатыр. Қостанай қаласындағы зауытта да бірқатар алға ілгерілеу бар. Ал біз бұл зауыттың инфрақұрымына ғана облыстық бюджеттен 11 млрд теңге бөліп бердік. Сонда да аяқталмаған жұмыстар жетіп артылады. Темір жол бөлігіндегі жұмыстар да біткен жоқ. Дегенмен, егер, зауыт жұмысын қайта жандандырам десе, біз көмектесуге әзірміз. Біз бір қайықтамыз, демек бір мақсатқа жүруіміз керек және қазақстандық өнімді арттыруымыз керек. Міне осындай жағдай болып жатыр, - деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.
Айта кетейік, «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» Компаниялар Тобының 1969 қызметкері10 наурыздан бастап жұмыстан босатылуы мүмкін. Оның ішінде 64-і зейнет жасында.