Өскеменде Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өтті
29 қаңтар күні О.Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан студенттермен кездесу болып өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараның басы «Тәуелсіздік шежіресі» атты кітап көрмесімен басталып, 30 жылда жеткен жетістіктеріміз туралы айтылды.
Жиынға Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Төлеубеков Эльдар Төлеубекұлы, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар: Рамазанов Маратбек Айтахметұлы, Әкелеев Сақан Долдыұлы, Жақсылықов Самат Ақанұлы, Сарманов Тоқтағазы Халилулұлы, Кададанова Күнсұлу Зарлыханқызы және қаланың белсенді жастары қатысты.
- Әрбір елдің жылнамасында жаңа тарихы мен бастауы болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылдың желтоқсанында атқаны барлығымызға белгілі. Ата-бабамыздың қаны төгіліп, жеткен жетістіктері жолында бас иеміз, - деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Эльдар Төлеубекұлы. – Бізге берілген тарихи міндетті абыроймен атқару біз үшін парыз деп білемін.
Жиын барысында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жандар сол кездегі өз естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ жерлесіміз, Желтоқсан құрбаны болған Сәбира Мұхамеджанова туралы естеліктер де айтылды.
- Осы уақытқа дейін белгілі бір себептермен ескерілмей қалса да, алдағы уақытта Президент бұйрығымен, желтоқсаншылардың статусы көтеріліп, мемлекет тарапынан үлкен қолдауларға ие болып отырғаны біз үшін үлкен қуаныш, - дейді Желтоқсан оқиғасына қатысушы Әкелеева Сақан Долдыұлы.