ШҚО-да 33,8 мың жеке тұлға декларация тапсырды
Фото: freepik.com
ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңнің аралық қорытындысын жария етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары) болып табылатын барлық жеке тұлғалар активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын (250.00 нысан) ұсына бастады.
Декларация декларацияны табыстау жылының алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы және (немесе) оның шегінен тыс жерлердегі активтер мен міндемелерінің бар жоқтығын көрсетуге арналған.
Бұл ретте бейрезиденттер, коммерциялық емес ұйымдарың құрылтайшылары (қатысушалыры) және акционерлері декларацияны ұсынудан босатылды.
2024 жылы декларацияны ШҚО бойынша 77,5 мың жеке тұлға табыстауы қажет. Ағымдағы жылдың 10 шілдедегі жағдайы бойынша 33,8 мың жеке тұлға немесе декларанттардың 44%-ы декларацияны тапсырды.
Оның ішінде декларацияның 99,9%-ы электронды түрде, атап айтқанда салық төлеушінің кабинетті (cabinet.salyk.kz), «Электронды үкімет» порталы (egov.kz) және «е-Salyq Azamat», «eGov mobile», Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz мобильді қосымшалары арқылы табысталған.
– Заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары) үшін декларацияны тапсырудың сонғы мерзімі 15 қыркүйекке дейін екенін ескертеміз. Салықтық міндеттемені уақытылы орындамау мәселесі туындамас үшін декларацияны алдын ала табыстауды ұсынамыз. Декларация тұрғылықты (тіркелген) жері бойынша ұсынылады, – деп хабарлайды ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті.