Биыл Декларацияны кімдер тапсырады?
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздегі заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті. Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қатысты.
Өңірлік коммуникацуиялар қызметінде өткен брифинг барысында Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш осылай деп мәлім етті,деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жалпы, декларацияда қандай мәліметтерді көрсету қажет? Департамент мамандарының айтуынша, декларацияда жеке тұлғаның шетелдегі жылжымайтын мүлігі мен көлігі, шетелдік банктегі 3,5 миллион теңгеден жоғары (бір мың АЕК) мөлшердегі қаражаты, шетелдік компаниядағы қатысу үлесі, бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т.б.), үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі), инвестициялық алтын (құйма алтын), зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 миллион теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша, басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары, құны 3,5 миллион теңгеден асатын өзге де мүлік (қалауы бойынша) (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т.с.с.) көрсетілуі керек екен.
Белгілі болғандай, еліміздің заңнамасына сәйкес, декларацияны ұсынудан жалтарғаны үшін жеке тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Атап айтсақ, бірінші рет ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде мұндай заңбұзушылық қайталанатын болса, 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, декларацияда толық емес немесе анық емес мәліметтерді ұсынған жеке тұлғаларға бірінші жолы ескерту жасалады. Есесіне, бір жыл ішінде мұндай жағдай қайталанатын болса, кінәлілер 10 350 теңге (үш АЕК) мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Сайранқан Қабыштың сөзіне сенсек, салық салу объектілерін жасырғаны үшін бір жыл ішінде алғаш рет төленбеген салықтар сомасынан 200 пайыз, қайталанған жағдайда 300 пайыз мөлшеріндегі айыппұл қарастырылыпты (ӘҚБтК 275-бабы).
Сонымен қатар, департамент өкілдері декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет екенін ескертті. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады екен. Сондай-ақ, азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсына алады.
Нұржан Кенжеұлы