KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
488.26 530.54 5.03

Қазақстанда 2024 жылы міндетті декларацияны кімдер және қалай тапсыруы керек?

3.01.2024, 17:15 164 Анель Слямғазықызы

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың келесі кезеңі 2024 жылы басталады.

Келер жылдан бастап бизнесмендер, жеке кәсіпкерлер, компания басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары декларация тапсыруы керек, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі Tengrinews.kz –ке сілтеме жасап.

 

2024 жылы кімдер міндетті декларация тапсыруы керек?

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі 2024 жылы басталады. Үшінші кезеңде активтер мен міндеттемелер туралы "кіріс" декларациясын (250.00-форма) алғаш рет 2024 жылғы 1 қаңтарға заңды тұлғалардың (ЖШС, АҚ, ҚБ және басқалар) басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынады.

Сонымен қатар, 1-2-кезеңде декларация тапсырғандар 270.00-форма бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыруды жалғастырады.

Декларацияны қалай және қайда тапсыру керек?

Жалпы декларация тұрғылықты (болатын) жері бойынша, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – орналасқан жері бойынша беріледі (Салық кодексінің 632-бабы):

  • қағаз түрінде болғанда - биылғы 1 қаңтардан бастап және 15 шілдеден кешіктірмей декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындаған кезде (жеке тұлға не оның өкілі қол қояды) келу тәртібімен не пошта арқылы немесе өзге байланыс ұйымын хабардар ете отырып, тапсырыс хатпен;
  • электрон нысанда тапсырған жағдайда - декларацияны табыс ету міндеті туындаған биылғы 1 қаңтардан бастап және 15 қыркүйектен кешіктірмей.

Декларацияны электрон түрде салық төлеушінің кабинеті арқылы ұсынуға болады (cabinet.salyk.kz), "Электрондық үкімет" порталы (egov.kz), сондай-ақ e-salyq azamat, eGov mobile, Halyk мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады.

Декларацияда не көрсетілуі керек және неге?

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.0-форма) жеке тұлғалар көрсетуге арналған (Салық кодексінің 631-бабы):

1) ҚР шегінен тыс мүліктер:

  • шет мемлекеттің құзыретті органында тіркелген жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және (немесе) жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, "өзен-теңіз" жүзу кемелері;
  • шет мемлекеттің құзыретті органында тіркелген көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер;
  • ҚР шегінен тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
  • ҚР шегінен тыс орналасқан шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақша барлық банк салымдары бойынша жиынтығында АЕК-тің 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомада (2024 жылға арналған АЕК – 3692 теңге, яғни 3 692 000 теңгеден асатын);

2) Қазақстан Республикасындағы және (немесе) оның шекарасынан тыс жерлердегі мүлік:

  • тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үйдегі үлес;
  • бағалы қағаздар, қаржы құралдары, цифрлық активтер;
  • инвестициялық алтын;
  • зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқықтар;
  • АЕК мөлшерінің 10 000 еселенген шегінен аспайтын сомадағы қолма-қол ақша (10 000 * 3692= 36 920 000 теңге, АЕК 2024 жылға арналған);
  • банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға берешекті қоспағанда, нотариат куәландырған (куәландырған) дебиторлық/кредиторлық берешек;
  • егер мүлік бағасы АЕК-тің 1000 еселенген мөлшерінен (2024 жылға арналған АЕК – 3692 теңге, яғни 3 692 000 теңгеден) асса жеке тұлғаның өтініші бойынша.

Декларанттар декларация тапсыру кезінде қандай мәселелерге тап болады?

270.00-формадағы декларацияны тапсырған кезде жеке тұлғалар көбінесе "жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу" бөлімін толтыру кезінде қателік жібереді, ал бұл бөлімді толтыруға болмайды.

Декларацияны тапсырған кезде қай жыл мен кезеңді көрсету керек?

Жалпыға бірдей декларациялау декларацияның екі формасын көздейді. Егер салық төлеуші жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңіндегі тұлғалар санатына жататын болса және 2023 жылы алғаш рет 250.00 формасындағы активтер мен міндеттемелер туралы "кіріс" декларациясын табыс еткен жағдайда, көрсетілген декларацияны табыс еткен кезде "2023 жыл" салық кезеңін көрсету қажет (мәліметтер 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша көрсетілетін болады).

Кірістер мен мүлік туралы декларация 270.00-форма жыл сайын есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, яғни 2023 жылы – "2022" жылды көрсете отырып, 2022 жылға, 2024 жылы – "2023" жылды көрсете отырып, 2023 жылға және т.б.

Декларацияны қате толтырған жағдайда не істеу керек?

Декларация қате толтырылған жағдайда, егер декларацияны беру мерзімі әлі аяқталмаған болса, декларацияны қайтарып алуға және оны дұрыс толтыра отырып, жаңасын беруге болады. Немесе екінші нұсқа бар: дұрыс ақпаратты көрсететін қосымша декларацияны тапсырыңыз.

Декларацияны уақытында тапсырмаса не болады?

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР кодексі егер бастапқы салық декларациясы мерзімінде берілмесе немесе декларацияда толық емес, анық емес мәліметтер болса, онда салық органдары бірінші рет ескертумен шектелетінін белгілейді.

Жеке тұлғаның әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзуы он бес АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады (15 * 3 692 = 55 380 теңге, 2024 жылға алынған АЕК).

Сонымен қатар, жеке тұлғалар салық объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде, ал егер мұндай звңбұзушылық қайталанса, 300 пайызы мөлшерінде айыппұл төлеу арқылы өз ақшасынан айырылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасынан тыс жерде мүлкінің бар-жоғы туралы ақпаратты жасырған, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерде орналасқан шетелдік банктерде ақшасы бар жеке тұлғалар жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді (100*3692 = 369 200 теңге, айлық есептік көрсеткіш 2024 жылға алынған).

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив