Декларация: Үшінші кезең басталды
Фото: vecher.kz
Жалпыға ортақ декларациялаудың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілгендер, ірі банктік, сақтандыру және құнды қағаздар нарықтарының қатысушылары тапсырса, былтыр мемлектетік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор жұмысшылары мен олардың жұбайлары тапсырды. Облыс тұрғындары биыл декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыруы керек.
Биыл декларация тапсыратындардың қатарына кімдер енгізіліп отыр? Үш кезеңді қоса алғанда, есеп өткізетіндердің саны едәуір өсті, бұл департамент жұмысына, жүктемесіне қаншалықты салмақ салып отыр? Облыста декларация тапсырудың қарқыны қалай? Декларация тапсырушылар нені ескеруге тиіс? Тұрғындар көкейіндегі сауалдардың жауабын облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының мамандарынан сұрап, білдік.
Үшінші кезең басталды
Биыл облыс бойынша жалпыға бірдей декларациялауға жататын тұлғалар: – 1-2 кезең аясында: жауапты мемлекеттік лауазымды қызметтегі тұлғалар; мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар; депутаттар; судьялар; мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері; квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары.
Облыс бойынша 270.00 салық есептілігі нысанын ұсынуға міндетті тұлғалар саны 118 401 адам. Оның ішінде 12 сәуірге дейін 64 285 адам декларация тапсырған.
Еске салайық, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті:
- әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;
- жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру;
- сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
Үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады.
Төртінші кезеңде, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – азаматтардың қалған санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар) ұсынады. Мұнда 6,4 млн-нан астам жеке тұлғаны қамту көзделіп отыр. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне барлығы 13 млн-ға жуық адам кіруге тиіс.
Үшінші кезең аясында 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны кім тапсыруы керек?
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруға тиіс. Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қолданылады.
Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болып есептелмейтіндіктен, 2024 жылы филиалдар мен өкілдіктердің басшыларында декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындамайды (АК 43-бабының 3-тармағы).