Диқандар мен ғалымдар жиналған «Дала күні»
Биыл мол жауған жауын диқанға жайлы болды. Алтайдың қойнау-қолатында, жота-жотасында, орманында қарақат та, бүлдірген де жылдағыдан ерекше шығып, самсап тұр. Алайда бұл заманда табиғатқа аса тәуелді болмай-ақ, жауынның аздығына қарамастан бір гектарынан 30-50 центнерге дейін өнім беретін элиталы бидай тұқымдары, бір ара ұясынан 50 келіге дейін бал беретін асыл тұқымды аралар, қысқа қолды ұзартып, еңбектің өнімділігін арттыратын заманауи техника мен технологиялар бар.
Шығыста өткен «Дала күнінде» ауыл шаруашылығына ауадай қажет болып отырған осы жетістіктердің бәрі облыстағы элиталық тұқым шаруашылығы – «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының» көрсетілімдік егінжай алқабында көпшілік назарына ұсынылды.
Ашық аспан астындағы кездесу
«Дала күнінде» алыс, жақыннан жиналған ғалымдар мен диқандар, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының» демонстрациялық алаңына егілген жемшөп дақылдарының 19 сортын, дәнді және бұршақты дақылдардың 36 сортын, майлы дақылдардың 15 сортын көріп, тамашалады.
Тәжірибе станциясының егінжай алқабында келушілерге жетекші селекциялық орталықтар өсірген перспективалы сорттар мен будандардың 70 түрі көрсетілді.
Бұл күні егіс алқабына түрлі техникалар шығарылып, егін суарып, шөп шауып, жер жыртты. Жеміс-жидек дақылдарының өнімі, ара шаруашылығы өнімі, топырақ пен дақылдарды бақылау және зерттеу үшін жаңа технологиялық және техникалық шешімдер топтамасы, топырақ өңдеу, шөп жинауға арналған заманауи техникалар түрі таныстырылды.
Дала төсінде өткен шараға келушілердің қатарында еліміздегі ғылыми-зерттеу мекемелерінің басшылары, көршілес облыстардың ауыл шаруашылығы саласының басшылары, Федералдық Алтай агробиотехнология ғылыми орталығының ауылшаруашылық кәсіпорындарының басшылары мен мамандары, «ВНИС ГЕНЕТИКС» компаниясының өкілі (Бүкіл Украиналық селекция ғылыми институты), венгриялық Alfaseed науқанының өкілі, Василий Гладышев бастаған 50-ден астам облыс фермерлері, Ресей Федерациясының өңірлері мен жақын шет елдердің ғалымдары, ауылшаруашылық техникасын шығаратын шетелдік компаниялардың дилерлері де болды.
- Біздің «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС «Астана Агропартнер» ЖШС-мен бірлесіп, жыл сайынғы дәстүрлі «Дала күні» іс-шарасын өткізіп жатыр. Бұл шара біз үшін де, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін де өте маңызды. Біз «Дала күнінде» өзіміздің жаңадан шығарылған майлы, дәнді дақылдар сорттарын, жаңадан шығарылған мал азығындық шөптер сорттарын жиынға қатысушыларға көрсетіп, таныстырып жатырмыз. Бүгін Ресейден, Украинадан, Қытайдан, Венгриядан серіктестеріміз келіп отыр. Бұл кездесудің өзіміздің екі жақты байланысымызды одан әрі нығайтуға тигізер септігі де көп, - деген «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының» басқарма төрағасы Кенжеғазы Тоқтасынов бүгінгі күні облыс, басқа да аймақтар шаруашылықтарының Глубокое ауданындағы тәжірибе станциясының бидай, күнбағыс дақылдары мен мал азығындық шөп түрлері тұқымдарына деген сұранысы арта бастағанын атап айтты.
Атақты «Алтай»
Ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алудың маңызды шарты – сортты жаңарту. Сорттың генетикалық әлеуеті жылдар өткен сайын жоғалады, тұқым сапасы нашарлайды, аурулар мен зиянкестерге төзімділігі мен өнгіштігі төмендейді. Мамандар осылай дейді. Диқандар өнім көлемінің төмендеуіне жол бермес үшін кемінде бес жылда бір рет пайдаланылатын сорттарды жаңартып отырғаны жөн.
- Соңғы жылдары қазақстандық селекционерлердің шетелдік әріптестермен байланысы артып келеді. Былтыр венгриялық Alfaseed компаниясы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясымен меморандум жасады. Біз қазір осы станцияда Венгрия елінің «сорго-судан» шөптерінің жаңа гибридтерін, будандарын өсіріп жатырмыз, бұлар - мал азығына пайдалануға арналған қуаңшылыққа төзімді, тиімді сорт, сүттің көлемін екі есеге көтереді. «Премио», «Манило» атты екі сортын сынақтан өткізіп жатырмыз. Келер жылы осы станцияның қуаңшылыққа төзімді қазақстандық тұқымдарын Венгрияда сынақтан өткізбекпіз. Бұл тәжірибе станциясын таңдап алуымыздың себебі материалдық-техникалық базасы, мамандары жеткілікті, - деп таныстырды станцияда жаңа тұқым түрлерін алу бағытында венгриялық ғалымдармен бірлесе атқарылып жатқан жобаның жай-жапсарын Alfaseed компаниясының өкілі Байжан Уалханов.
Аграрлық ғылым мен оны өндіріске енгізуде Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылық тәжірибе станциясының тәжірибесі ауыз толтырып айтарлықтай жеткілікті. «Дала күніне» жиналған қауым шаруашылықтың көрсетілімдік егінжай алқабын аралай жүріп, жайқала өсіп, ырғала билеп тұрған бидайдың, сояның, зығырдың, рапстың ең өнімді, төзімді, тиімді деген сорттарын көріп шықты.
«ШҚ АШТС» ЖШС коммерцияландыру бөлімінің басшысы Баташ Төлегенов жауын-шашынның молдығынан дәнді, майлы дақылдар бойлап өсіп, бітік шығып жатқандығын айтты. Осы уақытқа дейін сіңірген ылғал толық жеткілікті. Былтыр күзде қайта-қайта жауған жаңбырдан дәннің үстінен дән көктеп шығып, дақылдардың сапасы түсіп кеткен. Алқапқа егілген элиталық тұқымдар болғанымен, бұл жердегі егіндікке ерекше бір күтім жасалмайды екен, астық барлық қарапайым шаруашылықтардағыдай қалыпты жағдайда өсіп, өнеді, ерекше техника да қолданылмайды. Зайсан, Күршім, Катонқарағай тәрізді мал шаруашылығы өңірлерінің шаруашылықтары барынша тәжірибе станциясының сұлы, арпа, люцерн, бидайық тұқымдас көп жылдық малы азығы - житняк, экспарцет тәрізді мал азығындық дақылдарын молынан егіп келеді. Астықты аудандар бидай сорттарын жиі алады. Оның ішінде «Алтай-1» күздік бидай сортын. Бұл сорт - атақты.
Бізге керегі үш «К»
– Соңғы бес жылда тәжірибелік станция алған жаңа сорттардың ішінде ең жоғары өнімділікті элиталық «Алтай-1» күздік бидай сорты көрсетті. Оның өнімділігі гектарына 70 центнерге дейін жетеді. Көгеру мен шірікке төзімді. «Алтай-1» орташа және жеткілікті ылғалдылық жағдайында Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының дала, тау етегі, таулы-шалғынды аймақтарында өсіруге арналған. Бұл жаңа сорт шетелдік сұрыптау сорттарына қарағанда қиын вегетациялық жағдайда тұрақты өнімді, астық сапасы жоғары, төзімді, - дейді тәжірибе станциясының бөлім басшысы Баташ Төлегенов.
Тәжірибе станциясында экспарцет тұқымының тоннасы - 600 мың теңге, люцерннің тоннасы - 1 млн 200 мың теңге, құрғақшылыққа қарамай қаулап өсетін «судан» шөбінің тоннасы - 300 мың теңге, атақты «Алтай-1» күздік бидайының тоннасы - 180 мың теңге. Абай облысындағы Мұхит Тұмабаевтың «Приречное» шаруашылығы құрғақшылыққа төзімді «судан» шөбін құмдауыт жерге егіп, мол өніп алып жатыр десті станция мамандары. Павлодар облысының, Бородулиха аудандарының шаруашылықтары да осы шөпті көптеп егіп келе жатқан көрінеді. Ұлан ауданындағы аймаққа белгілі диқан Василий Гладышевтің «Дружба» қожалығы да «судан» шөбінің қызығын көріп отырғандардың бірі.
Егін басында бас қосқан дархан дала иелері-диқандар бұл жиында жақсыны, жетістікті көріп қана қоймай, ғалымдармен, сала мамандарымен өз тәжірибелерін бөлісті, ой-пікір алмасты.
- «Астықтың аздығы – ауыртпалық, көптігі – катастрофа» дейміз біз. Мол астықты төкпей-шашпай, ысырап қылмай қамбаға құйып, сақтауға да көп еңбек керек. Дәл биылғыдай жаңбырлы жазды алғаш рет көруім. Артық түскен жауын-шашынның жамандығы да қатар жүреді. Жиын-терімнің нәтижесі астықтың жартысы қамбаға түскенде ғана, қыркүйек айының ортасынан асқанда ғана белгілі болады. Қандай жағдайда, қай кезде де шаруаның жайы «үш К-мен» шешіледі, К-корма - мал азығы, К – кадры - мамандар, К – качество - сапа»! Соның ішінде сапаға келсек, өзіміздің облысымыздағы «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» сияқты элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесі бар әлеуетті шаруашылықтың тұқымдарын алып, егіп, өнім сапасын, көлемін арттыруға бізде үлкен мүмкіндік бар. Біз осы мүмкіндікті, агроғылымды пайдалануымыз керек, - дейді еңбекке бас иген Василий Степанович.
Рас, қарт диқан айтса айтқандай, мал азығы, мықты маман, жоғары сапа болса ауыл шаруашылығы әупірімдеп емес, қарыштап алға басары анық. Алға басып, таң алагеуімнен күн ұясына батқанша байтақ жерден несібесін теріп жеген жандар, төрт түлігімен төрт құбыласын түгендеп жүрген жандар ауыл шаруашылығының диірменін айналдыра бермек.