KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

Диқандар мен ғалымдар «Дала күніне» жиналды

23.07.2024, 16:33 187 Жанаргүл Мұқатай

Глубокое ауданындағы «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» «Астана Агропартнер» ЖШС-мен бірлесіп, дәстүрлі  «Дала күні» іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биыл мол жауған жауын диқанға жайлы болды. Алтайдың қойнау-қолатында, жота-жотасында, орманында қарақат та, бүлдірген де жылдағыдан ерекше шығып, самсап тұр. Алайда, бұл заманда табиғатқа аса тәуелді болмай - ақ, жауынның аздығына қарамастан бір гектарынан 25-30 центнерге дейін өнім беретін элиталы  бидай тұқымдары, бір ара ұясынан 50 келіге дейін бал беретін асыл тұқымды аралар, қысқа қолды ұзартып, еңбектің өнімділігін арттыратын заманауи техника мен технологиялар бар. Шығыста өткен «Дала күнінде» ауыл шаруашылығына ауадай қажет болып отырған осы жетістіктердің бәрі «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының» көрсетілімдік егінжай алқабында көпшілік назарына ұсынылды.

«Дала күніне» алыс-жақыннан жиналған ғалымдар мен диқандар, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының»  демонстрациялық алаңына егілген жемшөп дақылдарының 19 сортын, дәнді және бұршақты дақылдардың 36 сортын, майлы дақылдардың 15 сортын көріп, тамашалады.

Тәжірибе станциясының егінжай алқабында келушілерге жетекші селекциялық орталықтар өсірген  перспективалы сорттар мен будандардың 70 түрі көрсетілді.

 «Дала күнінде»  егіс алқабына түрлі техникалар шығарылып, егін суарып, шөп шауып, жер жыртты. Жеміс-жидек дақылдарының өнімі,         ара шаруашылығы өнімі;         топырақ пен дақылдарды бақылау және зерттеу үшін жаңа технологиялық және техникалық шешімдер топтамасы; топырақ өңдеу, шөп жинауға арналған заманауи техникалар түрі таныстырылды.

Дала төсінде өткен шараға келушілердің қатарында еліміздегі ғылыми-зерттеу мекемелерінің басшылары, көршілес облыстардың ауыл шаруашылығы саласының басшылары, Федералдық Алтай агробиотехнология ғылыми орталығының ауылшаруашылық кәсіпорындарының басшылары мен мамандары, «ВНИС ГЕНЕТИКС» компаниясының өкілі (Бүкіл Украиналық селекция ғылыми институты), венгриялық Alfaseed науқанының өкілі, Василий Гладышев бастаған 50 ден астам облыс фермерлері, Ресей Федерациясының өңірлері мен жақын шет елдердің ғалымдары, ауылшаруашылық техникасын шығаратын шетелдік компаниялардың дилерлері де болды.

– Бұл шара біз үшін де, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін де өте маңызды. Біз «Дала күнінде» өзіміздің жаңадан шығарылған майлы, дәнді дақылдар сорттарын, жаңдан шығарылған мал азығындық шөптер сорттарын жиынға қатысушыларға көрсетіп, таныстырып жатырмыз. Шараға Ресейден, Украинадан, Қытайдан, Венгриядан серіктестеріміз келіп отыр. Бұл кездесудің өзіміздің екі жақты байланысымызды одан әрі нығайтуға тигізер септігі де көп, – дейді «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының» басқарма төрағасы  Кенжеғазы Тоқтасынов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив