KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
477.62 527.67 5.25

Отбасында ана, қызметте білікті маман

19.08.2024, 10:01 265 ALTAINEWS

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз, Күршім ауданы бойынша Шекара басқармасының медбикесі, аяулы жар, әскерилердің тілімен айтқанда «Тылдағы сенімді тірек», 1 ұл мен 2 қыздың асыл анасы, өз еңбек жолын әскери өмірге арнаған кіші сержант Миргуль Жанибековна Биекенева.

 Миргуль  жолдасымен Ринат  Камаряновпен 2005 жылы Өскемен жоғарғы медициналық колледжінің үшінші курсында танысқан. Әйтсе де, бірден аса қатты араласа қоймаған. Араға жыл салып Күршім ауылына диплом алдындағы тағылымдамадан өтуге келгенде екеу арасындағы қарым-қатынас нығая түскен. Ол кезде Ринат «Көкжота» шекара бөлімшесінің старшинасы болып қызмет атқаратын. Бір күні кезекті еңбек демалысында жүрген Ринат арадағы қашықтыққа қарамастан болашақ жарының ауылына барып, Миргульмен сөз байласады. Арада көп уақыт өтпей ақ бір-бірін ұнатқан екі жас екі сөзге келместен үйленеміз деп шешім қабылдайды.

Тамылжыған тамыз айында неке қидырып, отыз күн ойын, қырық күн

тойын жасап екі жақтың көңілінен шыққан қос ғашық  «Көкжота» шекара бөлімшесіне қарай бет алады. Жол бойы тұнып тұрған табиғаттың көрінісіне  тамсанған  Миргуль шекара бөлімшесіне қалай жетіп қалғанын аңғармай да қалады. Бұған дейін шекара бөлімшесінің табалдырығын ертерек аттаған  қыз-келіншектер жаңа түскен жас келінге лайықты құрмет көрсетіп күтіп алады.

Осылайша шекарашының жары атанған Миргуль күйеуінің қызығынан да қиындығы басым қызметіне құрметпен қарап, тату-тәтті өмір сүіреді. Таулы аймақта ешқандай байланыстың жоқтығына көндіккен ол үй шаруасымен айналысып бөлімшенің де шаруашылық жұмыстарына қол ұшын тигізіп үлгеретін.

- Күндердің күнінде тұңғыш ұлымыз - Расул дүниеге келді. Бұл 2007 жыл болатын. Таулы аймақтағы нашар жолмен баланы арқалап жүріп-тұру қиындау болғандықтан балаға егілетін екпелерді салдыру үшін бөлімшедегі барлық техникалармен жүріп шыққанымды жасырмаймын. Тіпті, көлік жоқ кезде атшанамен де жүре беретінбіз  кейіннен оған да  үйреніп кеттік,  – деп сол бір уақытша қиыншылықты жымия еске алды.

Өкінішке орай, бөлімшеде кейіпкеріміздің мамандығына сай жұмыс табыла қоймады. Қайтсем дәрігер боламын  деп ойлап жүрген жас келіншек бөлімшеде  бос тұрған байланысшы лауазымында қызмет атқарғысы келмеді. Арагідік   көмекке мұқтаж жандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп жүрді. Әсіресе, бұл жеке құрамға жақсы болды дәрігерді алыстан ізмей-ақ жандарынан табылғанына. Жаныңда жүр жақсы адам деген осы болса керек. Сөйтіп  жүргенде баласының да мектеп жасына келіп қалғанын байқайды. Расулды даярлық тобына беру және өзі де үй шаруасында отыра бермей жұмысқа шығу қажеттіліп туындайды. Осыны ескерген Ринат болса отбасының алысқа кеткенін қаламай, жоғары басшылыққа отбасылық  жағдайын айтып, әскери бөлімнің лазеретінде босаған мейірбике лауазымына тағайындауды өтінеді. Басшылық шекарашының өтінішін қабыл алып,  Миргуль ойламаған жерден әскери қызметші болып шыға келеді.

 

Тамылжыған тамыздың аптап ыстығында Үшарал қаласына келісімшарт бойынша қызметке кірген бір топ қыз дайындық курсына іс-сапарға келеді. Бәрі де сырт көзге қарағанда әскери қызметті оңай деп ойлаған болуы керек, осы  іс-сапардан кейін біз әңгімелеп отырған сұлу қыздың ойы бірден өзгеріп шыға келеді. Әйтсе де, қызығы мен қиындығы қатар жүретін әскери саланың бар ауыртпалығына көніп, ер азаматтармен иық тірестіре қызмет атқарған мейірбике  2022 жылы шілде айында аға мейірбике лауазымына тағайындалады. Осы сәттен бастап оған бұрынғысынан арман үлкен жауапкершілік жүктеліп нағыз өз ісінің маманы атанады. 

Бүгінде кәнігі дәрігерге айналған Миргуль дәрілік препараттарға, медициналық құрал-жабдықтарға тапсырыс беру, оны дер кезінде қабылдап алу, үлестіру, есепке алу және шығару сияқты  жұмыстарымен қоса дезинфекциялық режимді сақтау, лазареттегі тазалық, мейірбикелер мен фельдшерлерге сабақ өткізу, тағайындалған ем-шаралардың жасалуын қадағалау, профилактикалық екпелерді жоспарлау және екпе жүргізу сияқты жұмыстармен қатар кезекші фельдшер болып нарядқа да түсіп үлгеріп келеді.

Иә, шекарашының жары болу оңай шағылатын жаңғақ емес. Әсіресе, желдің өтінде, шекара шебінде қызмет атқару екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Алайда, Миргуль Биекенева отбасымен әскери қызметті қатар алып жүрген батыр ана, білікті маман. Ол әрқашанда өзінің шекарашының жары екенін, шекарашы екенін мақтан тұтады! Олай болса, әріптесімізге тек қана алға дегіміз келеді.

Майор Ғ.Бакетов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив