KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 0,6 м/с, СШ
480.63 535.13 5.27

Бұқтырма көпірі қос жағалауды біріктірді

9.08.2024, 10:35 11 Ержан Әбіш

Еліміздегі ең ұзын өткел – Бұқтырма көпірімен қатынайтын күн де алыс емес. Күні кеше қос жағалауда қатар басталған көпір құрылысы түйісті. Ұзындығы 1 316 метр болатын өткел жасанды Бұқтырма су қоймасы арқылы бөлінген Күршім мен Самар аудандарын байланыстырып тұр. Бұл көпір тек облыс үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлкен маңызға ие.
Шығыс Қазақстандағы аталмыш ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке тапсырмасы бойынша басталған болатын, көпірді салу мәселесін облыстағы оңтүстік аудандардың тұрғындары көп жылдан бері көтеріп келген еді. 2019 жылдың 19 қыркүйегінде Президент өзінің Твиттердегі парақшасында Үкіметке Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір салу үшін қаражат бөлуді тапсырғанын мәлімдеді. Аталмыш жаңалықты өңір халқы зор қуанышпен қарсы алды. Тиісті қаржы бөлініп, 2021 жылдың ақпанында нысан құрылысы басталып та кетті.
Бұл көпірдің стратегиялық маңызы зор. Ол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қаржылық ағындардың көбеюіне және мультипликативтік әсеріне ықпал етеді. Көпір шалғайдағы Күршім, Марқакөл, Тарбағатай және Зайсан аудандарын Самар ауданымен және облыс орталығымен тұрақты байланыстырып, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жақсартатын болады. Қазіргі уақытта халық жазда пароммен, ал қыста өмірлерін қауіпке тіге отырып, мұз үстімен қатынауға мәжбүр болатын. Екі жолақты автокөлік көпірінің ені 12,2, ал биіктігі 18 метр болмақ. Өткізу мүмкіндігі тәулігіне 80 мың көлікке дейін жетеді.
Бұл көпірдің салынуы – өңір жұртының жарты ғасырдай уақыт сарыла күткен арманы. Жасыратыны жоқ, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің жоқтығы шалғай аудандардағы халықтың өмір сүру сапасына да кері әсерін тигізіп келген еді. Енді бұл мәселе де біртіндеп шешімін табатындай, көпір алыстағы аудандар мен облыс орталығы арасындағы байланысты жыл он екі ай үзбей ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Көпір құрылысы Күршім және қайтадан құрылған Марқакөл аудандарының экономикасына барынша оң әсерін тигізбек. Көлік қатынасы қарқын алған соң осы өңірлердегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм салалары соны серпін алады. Қазірдің өзінде кен орындарын игеру, тауарлы сүт фермаларын салу, Марқакөл көлінің жағалауына демалушыларға арналған қонақ үйлер тұрғызу сынды жобалар қолға алынған.
Айта кетейік, алдымен, былтырғы 29 желтоқсанда Бұқтырма су қоймасында технологиялық көпір түйіскен-ді. Технологиялық өткелдің салынып бітуі негізгі көпір құрылысын едәуір жеделдететін маңызды кезеңдердің бірі болды.
Көпірді салу жұмыстарын толығымен отандық өндіруші жүзеге асыруда. Бұл тек құрылыс саласындағы технологиялық мүмкіндіктеріміздің жоғары деңгейін ғана емес, сондай-ақ еліміздің экономикалық қуатын да көрсетсе керек. Құрылыс жұмыстарына Алматы қаласынан, еліміздің бірқатар өңірінен инженерлер тартылған, ал негізгі жұмыстарды жергілікті білікті мамандар атқарып жатыр. Осы жобаның арқасында облыста бірегей көпір құрылысшыларының бүтін бір шоғыры қалыптасып отыр.
«ҚазАвтоЖол» мекемесі облыстық филиалы директорының орынбасары Алмас Қасеновтің айтуынша, аралық құрылыстарды монтаждау жұмыстары 100 пайызға аяқталды, 21 тірек орнатылды, оның ішінде 20-сы – негізгі тірек. 512 метрге, яғни өткелдің 40 пайызына екі қабат асфальт төселген. Сонымен бірге құрылымның қалған бөлігін арматуралау және бетондау жұмыстары жалғасып жатыр.
– Сондай-ақ көпірге кіреберіс жолдар салынуда. Самар ауданында көпірге дейінгі жол учаскесінің ұзындығы 17 шақырым 200 метр болады, оның 10 шақырымына асфальттың бірінші қабаты төселген. Күршім ауданындағы учаскенің ұзындығы – 1 километр 300 метр, – дейді директордың орынбасары.
Көпір салушылар үшін аралықтарды түйістіру – салтанатты сәт. Дәстүр бойынша ол символдық «алтын» болтты бұрау арқылы аталып өтіледі. Көлік қозғалысы бірнеше айдан кейін, яғни жыл соңына таман басталарына қарамастан, жоба мәре сызығына таяды.
Бұқтырма көпірі алып өзеннің үстінде салынғандықтан, құрылыс жұмыстарының көлемі өте ауқымды болды. Жоғарыда жазғанымыздай, нысанды салу кезінде құрылысшылар алдымен технологиялық көпірді орнатты, сол арқылы арнайы техниканың көмегімен жасанды аралдар салынды. Тіректерге арналған ұңғымалар 40 метр тереңдіктегі жартастарға бұрғыланды, қалың құбырлары бар металл жақтаулар орнатылды, бәрі де агрессивті ортаға шыдайтын сульфатқа төзімді цементпен бетондалды. Аталған құрылыс жоғарыдан екі метрлік корпуспен күшейтілді. Көпірдің тағы бір ерекшелігі сол, ол кеме қозғалысына кедергі жасамайды. Екі жағынан да мұз кескіштер қарастырылған. Мұздар сонда қопарылып, көпір тіректеріне тимейтін болады.
2022-23 жылдары құрылыс материалдары мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауына байланысты маңызды жоба түзетіліп, оның құны екі есеге өсті. Нысан «сақалды құрылысқа» айналуы мүмкін еді, бірақ Астанада көпірді республика қарамағына беру туралы уақтылы шешім қабылданды. 2023 жылдың қазан айынан бастап стратегиялық инфрақұрылымдық нысандағы жұмыстар жоспарлы қарқынмен жүріп келеді.
Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов бұл жобаның маңызын ескере отырып, жуырда құрылыс барысын өзі тексеріп қайтты. Бұл оның жобаның аяқталуына деген жоғары деңгейдегі қолдауын көрсетеді.
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында жол-көлік саласын дамыту жоспарларымен танысып, Бұқтырма көпірінің құрылыс қарқынын тексерген Үкімет басшысы жұмысты тезірек аяқтаудың маңызы зор екеніне тоқталып, көпір құрылысы жобасын іске асыру шекара маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті. Үкімет басшысы Көлік министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, құрылыстың уақтылы іске қосылуын және жоғары сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Қазір көпірдегі көлік қозғалысын іске қосу үшін жұмыстарды тезірек аяқтап, бұған барлық күшті жұмылдыру керек. Тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, аудандардың өзара көлік қатынасын қамтамасыз ету – бүгінде әкімдік үшін негізгі басымдықтардың бірі. Сонымен қатар көлік-логистика саласы еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күштерінің біріне айналуға тиіс. Сондықтан біз осындай инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыруымыз керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев көпір құрылысын тұрақты бақылауында ұстап келеді. Оның әр кезеңін қадағалап, қажеттіліктер туындаған жағдайда жедел шаралар қолдану – басты міндеттерінің бірі. Ол жұмыс сапасын қамтамасыз ету үшін құрылыс алаңына жүйелі барып, мамандармен кеңесіп отырады. Аймақ басшысының нысанға жіті назар аударуы – Президент тапсырмасын орындаудың, халықтың тұрмысын жақсартудың нақты көрінісі. Тұрақты бақылау мен ұйымдастыру шараларының арқасында көпір құрылысы уақытында аяқталады деп күтілуде.
Бұқтырма көпірі бүкіл елдің қаржысы есебінен салынып жатыр. Мұндай ірі жобаларға қажетті қаражаттың бір бөлігі Маралды сияқты өндіріс орындарынан алынады. Көпір құрылысы аймақ тұрғындарының қолдауына да ие. Жергілікті тұрғындар бұл жобаны үлкен қуанышпен күтуде, себебі бұл олардың тұрмыс жағдайын едәуір жақсартары сөзсіз. Жұртшылық бұл жобаның іске асуына үлкен үміт артып, оның аймаққа әкелетін оң өзгерістерін тағатсыздана тосып отыр.
Бұқтырма көпірі – Қазақстанның инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Оның салынуы тек аймақтың экономикалық дамуына ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне зор үлес қосады. Көпірдің салынуы – елдің бірлігі мен ынтымақтастығының көрінісі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив