KZ
Өскемен
-5°
небольшая облачность жел 3 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

Дүниеге келген сәбиді қалай тіркейміз?

11.09.2024, 17:27 436

Дүниеге келген нәрестені мемлекеттік тіркеу үшін ата-анасы бала туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруі қажет. Бұл өтінішті мемлекеттік корпорацияға (ХҚКО) жазбаша түрде, электронды түрде (egov.kz), SMS арқылы немесе екінші деңгейдегі банктердің Kaspi, Halyk мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.

Тууды мемлекеттік тіркеу тегін жүзеге асырылады. Өтініш берген кезде келесі құжаттар қажет: баланың туу туралы медициналық куәлігі немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімі, жеке басын куәландыратын құжаттар және тіркелген неке туралы мәліметтер болуға тиіс.

Медициналық куәлікте баланың анасының толық мәліметтері (тегі, аты, әкесінің аты, егер бар болса), баланың туған күні мен жынысы, сондай-ақ құжаттың берілген күні көрсетілуі қажет. Қағаз түріндегі медициналық куәлік медициналық ұйымның лауазымды тұлғасының қолы және мөрімен куәландырылуы керек. Ал электронды түрде — медициналық ұйымның электронды цифрлық қолтаңбасымен расталуға тиіс.

Медициналық ұйым баланың дүниеге келгені туралы мәліметтерді әйел босанған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесіне (АХАЖ) береді.

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін қосымша талаптар бар:

- Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдік Қазақстанда тұруға ықтиярхатын ұсынады;

- Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан азаматтығы жоқ тұлға өзінің азаматтығы жоқ екенін көрсететін куәлігін ұсынады;

- Қазақстанға уақытша келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ тұлға өзі азаматы болып саналатын немесе тұрақты тұратын елінің құзыретті органдары берген жеке басын куәландыратын құжатты және нотариалды куәландырылған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын ұсынуға тиіс.

Құжаттардың аудармасының дұрыстығы шетелдік немесе азаматтығы жоқ тұлғаның тұратын мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінде, консулдық мекемесінде немесе сыртқы саяси ведомствосында куәландырылуы мүмкін.

Баланың дүниеге келуін тіркеу — бұл маңызды қадам, ол сіздің балаңызға бірінші күннен бастап заңды мәртебе мен құқық қорғауды қамтамасыз етеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу