Электронды жеке медициналық кітапша қолданысқа енеді
Шартты сурет: digital.report
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жеке медициналық кітапшаларды беру қағидаларына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Оған сәйкес, жеке медициналық кітапша екі түрде: қағаз жүзінде және электронды түрде беріледі.
Жеке медициналық кітапша әдетте жұмысқа тұрарда сұралады. Сәйкесінше, құжат қабылданған жағдайда, жұмысқа тұруға үміткер адам кітапшаның электронды нұсқасын ұсына алады.
Ереже бойынша, кітапшаның екі түрін де лицензиясы бар мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар бере алады.
Электронды жеке медициналық кітапша мына мәліметтерді қамтиды:
кітапша иесінің фотосуреті;
кітапша иесінің жеке куәлігі бойынша жеке мәліметтері, қолы, медициналық кітапшаның сериясы мен нөмірі;
мамандығы мен лауазымы, жұмыс орны, туған күні мен туған жері.
Сондай-ақ дәрігер тексерулері мен медициналық сынақ нәтижелері жеке медициналық кітапшаға электронды түрде енгізіліп отырады.