Көлiк құралдарын басқаруда абай болыңыз
Фото: abai.sud.kz
Еліміздің Конституциясының 1-бабында «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген, яғни адам өмірі бәрінен де қымбат екені айдан анық.
Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды және ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды, осы фактілер орын алған жағдайда заңға сәйкес жаза қолданылады.
Елімізде болып жатқан жол апаттарының салдарынан қаншама адамның өмірі қиылып, қаншама адам жарақат алып, зардап шегуде.
Осы жол-көлік оқиғасының көпшілігі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, сондай-ақ жылдамдықты асырған, маневр жасау ережелерін бұзған, жол қозғалысының басқа қатысушыларына артықшылық бермеген жүргізушілердің кінәсінен орын алады, сондай-ақ көлік құралын мас күйде жүргізу салдарынан да болып жатқаны бәрімізге белгілі.
Сонымен қатар, көлік құралын басқару құқығынан айырылып, қауіптің жоғары көзін басқара отырып, жүргізуші өзіне ғана емес, айналасындағыларға да үлкен қауіп төндіреді, нәтижесінде адамның қайтыс болуына, әр түрлі дәрежедегі жарақаттар алуына әкеп соғатын әрекеттер орын алуда.
Көлік құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Егерде, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сондықтан көлік құралдарын жол жүру ережелерін сақтай отырып басқару қажет деп есептеймін, себебі, жол қозғалысының қатысушылары сіз бен біз екенін естен шығармайық!
Р. Ахметов
Өскемен қаласының мамандандырылған
тергеу сотының аға сот приставы