Самарлықтар бизнеске арналған бірыңғай чат құрды
Whats App мессенджерінде Самар ауданының бизнесі мен мемлекеттік органдары үшін бірыңғай чат құрылды.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі жол картасы шеңберінде Самар ауданының бақылау-қадағалау органдарының өкілдері биылғы қаңтар айының соңында кәсіпкерлермен өткен кездесу барысында қабылданған 14 өтініш бойынша бизнес-қоғамдастық алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Бизнес-қоғамдастықтың жергілікті атқарушы және бақылау-қадағалау органдарының өкілдерімен кездесуіне өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев пен бизнес-омбудсмен өкілі Әлия Мұқашева, Самар ауданының прокуроры Айдос Тұрсынов қатысты.
ШҚО кәсіпкерлері палатасының басшылығы Самар ауданы кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Әсем Әбілмәжінованы таныстырды, сонымен қатар «Атамекен» қызметінің бағыттары белгіленді, кәсіпкерлер кез келген уақытта палатаның көмегіне жүгіне алады.
Кездесуге қатысушылар көпшілік дауыспен Самар ауданының кәсіпкерлер палатасы филиалы жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің құрамын бекітті және жақын арада төрағаны таңдайды.
Кездесу барысында кәсіпкерлер ауданның бизнес-қоғамдастығы үшін басымдыққа ие бірқатар ескі, бірақ әлі де шешілмеген мәселені көтерді: бұл ұялы байланыстың, Каспий банкі бөлімшелерінің, терминалдарының және банкоматтарының болмауы.
Жиында мемлекеттік сатып алу, мектеп асханаларын жалға алу үшін төлемді есептеу, салықтарды есептеу, жер қойнауын пайдалану, шағын және микробизнесті гранттық қаржыландыру жүйесі, алтынды заңсыз өндіру, жеке тұлғалардың банкроттығы және тағы басқа мәселелер де айтылды. Бизнестің жүйелі проблемаларын тиісті мемлекеттік органдар өз бақылауына алды, ақпараттық сипаттағы проблемалар кәсіпкерлердің қатысуымен арнайы кездесу барысында талқыланатын болды. Самар ауданының мемлекеттік органдары тұрақты түрде кәсіпкерлермен кездесу өткізбек ниетте.
Кездесу нәтижесінде бизнес субъектілерінен жаңадан келіп түскен барлық мәселе кәсіпкерлердің өтініштер тізіліміне енгізілді. Сонымен қатар аудандық прокуратураның бастамасымен жедел өзара қарым-қатынас жасау мақсатында Whats App мессенджерінде Самар ауданының бизнесі мен мемлекеттік органдары үшін бірыңғай чат құрылды, онда проблемаларды талқылауға, гранттар, субсидиялар және тағы басқа да мәселелер туралы құқықтық кеңестер мен жедел ақпарат алуға болады.