KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Былтыр ШҚО-да сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды

2.02.2024, 16:11 135 Нұржан Кенжеұлы

Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына облысымыздан жалпы құны 1,1 триллион теңгенің 42 жобасы кірген. Оның ішіндегі сегіз жоба (81,4  миллиард теңге) 2023 жылы жүзеге асырылған.

Облыс әкімдігінің мәжілісінде баяндама жасаған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархад Бельбеев осылай деді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Ведомство басшысы Шығыс Қазақстан облысының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы айта келе, негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын жеткізді.

Атап айтсақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша былтыр нақты көлем индексі 103,9 пайыз болса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 105,2 пайызға жеткен.

Белгілі болғандай, өнеркәсіп өнімі өндірісінің ең жоғары өсімі Күршім (143,9 пайыз) мен Ұлан (125,6 пайыз) аудандарында тіркелген. Ал нақты көлем индексінің төмендеуі алты ауданда байқалған. Олар: Шемонаиха (99,7 пайыз), Глубокое (99,1 пайыз), Катонқарағай (95,7 пайыз), Тарбағатай (88 пайыз), Зайсан (85,4 пайыз) және Самар (81,7 пайыз) аудандары.

– Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына Шығыс Қазақстан облысынан жалпы құны 1,1 триллион теңгенің 42 жобасы кірген. Оның ішіндегі сегіз жоба (81,4  миллиард теңге) былтыр жүзеге асырылды. Айталық, Өскемен құс фабрикасының жалпы құны 30,5 миллиард теңге болатын бройлер өндірісін кеңейту жөніндегі жобасы мен «Багратион 2» шаруа қожалығының 1 милилард теңгеге бағаланған 300 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасын салу жобалары іске асырыла бастады. Сонымен қатар Өскемен қаласында жалпы құны 20,8 миллиард теңге болатын «Алтай» көтерме-тарату орталығы құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. «ALTAI MAI» ЖШС-нің май экстракциясы зауыты (құны17,5 миллиард теңге) салынып бітті, – деп мәлім етті басқарма басшысы.

Басқарма басшысы облыс экономикасына 654,5 миллиард теңге инвестиция құйылғанын, бұл тұрғыдан алып қарағанда, өсу қарқыны 117,9 пайызға (нақты көлем индексі 113,9 пайыз) жеткенін хабарлады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу