Катонқарағай әлемнің тұрақты жасыл аудандарының үштігіне енді (видео)
2024 Green destinations Story Awards байқауында Қазақстаннан алғаш рет сахна төріне Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданы шықты. Байқау ITB Berlin ірі әлемдік туристік көрмесінде өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
-Катонқарағайдың тұмса табиғатын екінші Швейцария деп атайтындар көп. Алайда осы жолы Катонқарағай өзінің бірегейлігімен ерекшеленіп, Қазақстанда тұрақты туризмді дамыту әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Катонқарағай әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар арасында өте танымал орынға айналды, ауданымызда көптеген туристік нысандар мен маршруттар бар. Тұмса табиғат өзінің байлығымен, әртүрлілігімен және әсемдігімен таң қалдырады. Мұнда қарлы таулардың, түрлі-түсті жартастардың, мөлдір көлдер мен тау өзендерінің, балқарағай тайгасы мен жидек алқаптарының керемет үйлесімін көре аласыз. Ұлттық саябақтың аумағында сирек кездесетін өсімдіктер, пион мен қызғалдақтардың сирек түрлері өседі, Қызыл кітапқа енген қар барысы, Алтай бұлғыны, тас сусары, қара лейлек, сияқты жануарлар өздерін жайлы сезінеді, - деді аудан әкімдігінде.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық саябағы -Қазақстандағы ең үлкен ұлттық парк. Оның ауданы жарты миллион гектардан асады. Катонқарағай Оңтүстік Алтайдың көркем ауданында орналасқан және Қазақстанда бір жағынан Ресеймен, екінші жағынан Қытаймен шектеседі.