KZ
Өскемен
+17°
ясно жел 3 м/с, СБ
443.35 475.54 4.82

AQYL: Бала болашағына қалай инвестиция салуға болады?

Фото: usil.edu.pe

27.03.2024, 15:45 49 Жанаргүл Мұқатай

Бүгінгі таңда елімізде 8,5 мыңға жуық тұрғын «AQYL» депозитін ашса, оның 500-і - біздің шығысқазақстандықтар.
Облыс тұрғындары өз балаларының болашағы үшін білім беру жинақтау салымын ашып жатыр. Мұндай мүмкіндікті «Отбасы банк» ұсынып отыр деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.
 «AQYL» деп аталатын депозиттің мақсаты – балалардың біліміне қаражат жинауға мүмкіндік жасау. Оның көмегімен қазақстандық немесе шетелдік білім беру мекемесінде оқу ақысын төлеуге болады. 
Жыл сайын мемлекеттен сыйлықақы қосылады
«AQYL» білім беру жинақтау салымын кемінде 3 жыл немесе 5 жыл мерзімге ашуға болады. Егер депозит кемінде үш жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме жылдық 12% (ЖТСМ 13,1% дейін) тең болады. Егер депозит кемінде 5 жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме 9,5%-ға (ЖТСМ - 10,1% дейін) тең болады.
Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылады.
Депозит мерзімі аяқталғаннан кейін ол автоматты түрде жаңартылады.

- «AQYL» - бұл ата-аналарға балаларының оқуына қаражат жинауға көмектесетін ерекше құрал. Шынымен де, бала дүниеге келісімен әр отбасы ұрпағының қандай білім алатынын, ұлын немесе қызын шетелдік жоғары оқу орнында немесе қазақстандық институтта оқытатынын ойлайды. Егер бала грантқа түссе, онда «AQYL» депозитіндегі жинақтарды шешіп алып, оларды кез келген өзге мақсатқа, соның ішінде тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады, - деді «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Қаршыға Жақсылықов.

Қазақстандық балалардың білімге қаражат жинақтау ісіне өз үлесін қосып, жыл сайын жинаққа сыйлықақы есептеп отырған мемлекеттің мұндағы көмегі өте маңызды. Салымшылардың барлық санаттары үшін ол 5%-ды құрайды. Ал жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы отбасылардан шыққан және жан басына шаққандағы табысы аз, яғни азық-түлік себетінен төмен отбасыларға ашылған депозиттерге мемлекеттік сыйлықақы 7% мөлшерінде есептеледі.
Жыл сайын депозитке есептелетін сыйлықақының ең жоғары мөлшері 100 АЕК-тен (2024 жылға 369 200 теңге) аспауға тиіс.
Мемлекеттік сыйлықақы жинақтаудың ең аз мерзімі 1 жыл болғанда есептеледі, яғни мемлекеттік сыйлықақыны есептеу үшін салым бір жылға толуы тиіс.
Депозитті қалай ашуға болады?
Депозит ашылған кезде міндетті түрде жасалатын бастапқы жарнаның мөлшері үш айлық есептік көрсеткішке немесе 11 076 теңгеге (2024 жылы) тең болуы керек. 
Болашақта депозиттің ай сайынғы аударымдар мөлшерін салымшы өз мүмкіндігіне қарай анықтайды. 
«AQYL» депозитін Отбасы банкінің жаңа мобильді қосымшасында 6 ақпаннан бастап ашылды. Ол үшін App store/Play market дүкенінен «Otbasy bank lite» мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет. Сондай-ақ Баспана маркет порталында (otbasybank.kz), банк бөлімшелерінде, кеңесшілердің көмегімен немесе банктің сайтына өтіп (hcsbk.kz), бейне қоңырау арқылы шот ашуға болады.
Салымшының бір ғана қолданыстағы білім беру депозиті болуы мүмкін.
«AQYL» білім беру жинақтау салымы мемлекет пен үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғалған, сондай-ақ ол Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорында сақтандырылған. Грант алған кезде жинақтаушы депозитті жабуға және мемлекеттік сыйлықақыны қоса алғанда, жинақтаудың барлық сомасын алуға болады.
Отбасы банкіндегі «AQYL» депозитін Ұлттық қордан алынған жинақтармен толықтыруға болады. Бұл төлемдерді биыл 18 жасқа толған қазақстандықтар қолдана алады. Оны «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында enpf-otbasy.kz платформасы арқылы жасауға болады. 
Қазақстандықтар Ұлттық қордан берілетін төлемдерді екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсарту және оқу ақысын төлеу үшін пайдалана алады. «Оқу ақысын төлеу» мақсаты «AQYL» депозитін толықтыруды көздейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив