«Отау» бағдарламасымен берілетін кредит сомасы қандай?
Фото: homsters.kz
Наурызда басталған «Отау» бағдарламасы бойынша бір кредит аясында жеңілдікпен тұрғын үй сатып алу немесе жөндеу үшін ақша алуға болады. Бірақ кредиттің жалпы сомасы рұқсат етілген ең жоғарғы сомадан аспауы қажет, ол - Алматы, Астана қалалары үшін 30 миллион теңгеге дейін, қалған өңірлер үшін - 18 миллион теңгеге дейін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша «Отау» бағдарламасына қатысуға 11 мыңнан астам өтінім берілген және де 8 мыңға жуық өтінім қабылдану үстінде. Олардың 68 пайызы 35 жасқа толмағандар. Өтінім Алматы мен Астана қалаларынан көп берілген. Шығыс Қазақстан бойынша 228 өтінім келіп түскен.
«Отау» бағдарламасы бойынша кредит талаптары:
- бастапқы жарна - 20%-дан бастап;
- кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,2%-дан бастап);
- кредит мерзімі - 19 жылға дейін.
«Отау» бағдарламасына кімдер қатыса алады?
- Отбасы банк салымшылары, оның ішінде тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар да;
- Отбасы банкте кемінде 18 ай мерзіміндегі депозиті бар адамдар;
- Жинақ шотында өтінім беру сәтінде кемінде 1 млн теңге жинақ сомасы бар адамдар;
- Қатысушының жасы - 18-ден 63 жасты қоса алғанға дейін;
- Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлік (пәтер, үй, коммерциялық жылжымайтын мүлік, кез келген нысаналы мақсаттағы жер учаскесі) болмауға тиіс;
- Алматы мен Астанада тұрғын үй сатып алу кезінде осы қалаларда тұрақты тіркеуде болуға тиіс.
Бағдарламаға "Баспана" депозиті бар адамдар өтініш бере алады. Егер клиентте басқа тарифтік бағдарламалар (Кемел, Болашақ, Өркен және т.б.) бойынша депозит ашылған болса, онда оларды кредиттік өтінімді қабылдау кезеңінде "Баспанаға" тарифтік бағдарламасына ауыстыра алады.
«Отау» бағдарламасына «Табысты», «Арнау» және «Жинақ» депозиттері бар банк клиенттері қатыса алмайды. Бұл депозиттер бойынша тарифтік бағдарламаны өзгерту қарастырылмайды және олар бойынша тек тұрғын үй қарызы беріледі. Ал «Отау» бағдарламасы бойынша тек алдын ала қарыздар беріледі.
Сондықтан алдын ала банктің «Отбасы банк лайт» деп аталатын жаңа мобильді қосымшасында салымшы депозит туралы өз сертификатын тауып, сол жерде тарифтік бағдарламаны тексеру қажет.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банкі» АҚ ШҚОФ директоры Назигүл Аққұлова «Отау» бағдарламасын іске асырудың барынша ашықтығы үшін оның қатысушыларының тізімі (кредит алушылардың келісімімен) Отбасы банктің сайтында жарияланатынын айтты. Әр адам өтінімдерді іріктеу және балдарды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталында таныса алады.