Қазақстанға шетелдік үш IT маман шақырылады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Digital Nomad Visa/Residency» бағдарламасы аясында Қазақстанға ақпараттық технологиялар саласының үш білікті маманын тартуды көздеп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың сенат депутаттарына берген жауабынан белгілі болды.
«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жанынан жұмыс тобы жұмыс істейді, оған сәйкес «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуетті «цифрлық көшпенділерге» қызмет көрсету бойынша жағдайлар жасау үшін «Digital Nomad Visa/Residency» тұрақты тұруға рұқсат берудің оңайлатылған тетігін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан іс-шаралар жоспары әзірленді (онлайн режимде елге кіруге рұқсат және Қазақстанда тұруға рұқсат алу). Министрлік бүгінгі таңда аталған тетік бойынша Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығымен 3 шетелдік IT-маманды тартуда», – делінген премьер-министр орынбасарының жауабында.
Тамара Дүйсенова Сыртқы істер министрлігі Қазақстан үшін құнды дағдылары бар мамандарға тұрақты тұруға құқық беретін В9 визасын енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын да хабарлады. Түзетулер заң жобасы шеңберінде көзделген.
«Қабылданып жатқан шаралар технологиялардың трансфертін және ұлттық кадрларды даярлауды қамтамасыз ететін кәсіби біліктілігі жоғары дәрежесі бар тапшы кәсіптер бойынша шетелдік мамандарға баса назар аудара отырып, білікті еңбек мигранттарын Қазақстанға тартуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Оқи отырыңыз