Наурыздағы ҰБТ-да талапкерлердің 76 пайызы қазақ тілін таңдаған
Ұлттық тестілеу орталығының ақпараты бойынша, наурыз айындағы ҰБТ-ны 117 мыңға жуық адам тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 76,1 пайызы қазақ тілінде, 23,8% пайызы орыс тілінде, 117 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҰБТ басталғалы шекті балды 75%-ға жуық талапкер жинады. Орташа көрсеткіш 69 балды құраса, ең жоғары балл – 137. Жалпы, 118 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.
Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Биология-Химия» комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 19%-ы тапсырды. «Математика-Физика» пәндерін 17% таңдаған. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 12% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 121 адам тапсырған.
ҰБТ өткізу барысында 127 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 71 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 51 адам шығарылды. Бейнежазбаларға талдау жүргізу нәтижесінде 5 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.