Наурыздағы ҰБТ-да үміткерлердің 30 пайызы шекті балл жинай алмады
Фото: khabar.kz
Ұлттық тестілеу орталығы наурыз айындағы ҰБТ-ның аралық қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, үміткерлердің 30 пайызы шекті балл жинай алмаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Наурыз айындағы ҰБТ басталғалы бері 59 мыңнан астам адам тест тапсырды.
Оның ішінде:
талапкерлердің 69,26%-ы шекті балл жинады;
орташа балл – 65,08 балл;
ең жоғары балл – 137 балл;
ерекше білім беру қажеттілігі бар 148 талапкер қатысты.
Ереже бұзғаны үшін 81 адамның нәтижелері жойылған. Олардың ішінде смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 50 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған, сондай-ақ тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 31 адам шығарылды.
Қатысушылардың басым бөлігі, яғни 17,38 пайызы «Математика-Физика» және 15,91 пайызы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын таңдаған.
Наурыз айындағы ҰБТ 30 наурызға дейін өтеді.