Қазақстандық талапкерлер ҰБТ-ны қай тілде тапсыруды жөн көреді?
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы
Қазақстанда наурыз айындағы ҰБТ-ның алғашқы аптасы аяқталды. Тестілеу басталғаннан бері 13019 адам тестілеуден өтті. Оның ішінде талапкерлердің 66%-ы қазақ тілінде, 33%- ы орыс тілінде, 26 адам ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша, талапкерлердің 60%-ы шекті балл жинады. Орташа балл – 59, ең жоғары балл-137.
Тестілеу 30 наурызға дейін жалғасады. Оған барлығы 118505 өтініш қабылданды. Тест тапсырушылардың ең көбі, яғни 17,11%-ы «Математика – Физика» пәндерінің комбинациясын, 15%-ы шығармашылық емтихандарды тапсырды. Тапсырушылардың 14%-ы «Биология-Химия» комбинациясын таңдады. Ал «Химия-Физика» пәндерінен 27 адам тапсырды.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға бірінші аптада аталған санаттағы 43 талапкер қатысты.
Апелляцияға өтінішті тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге болады. Сертификат апелляциялық шағым туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.