Болашақ аналар мектебіне бару неге маңызды? Маман кеңесі
Фото: keimedika.com
Бүгінгі таңда жүкті әйелдерді бақылау, олардың психопрофилактикалық дайындығы және оның отбасы мүшелерін босануға дайындау – бұл өңірдегі босану қызметі жұмысының маңызды сәті. Ана мен бала орталығының жанындағы "Болашақ аналар мектебінде" әйелді алдағы босануға дайындап, жаңа туған нәрестені қалай күтуге кеңес беріледі. Бұл курстар болашақ анаға дұрыс тыныс алуды үйретеді, психологиялық кедергіні жеңуге мүмкіндік береді.
Кеңесті ана мен бала орталығының білікті психологтары, гинекологтары мен акушер-гинекологтары жүргізеді. Жүктілікке дайындық туралы сауалдарына жауап алғысы келетін қыз-келіншектерге Шәкәрім даңғылы, 149/2 мекен-жайында орналасқан осы мектепке келуіне болады. Мамандар әр сейсенбіде сағат 15.00-ден бастап қабылдайды.
Жыл басынан бері төрт ай ішінде «болашақ аналар мектебіне» 78 пациент келген. Айта кетейік, 2023 жылы бұл мектептен 233 жүкті әйел кеңес алған болатын. Талдау олардың 90 пайызына жуығы ешқандай асқынусыз босанғандарын көрсетті.
Бас репродуктолог атап өткендей, бұл ақпарат емханалардың учаскелік дәрігерлері үшін өте маңызды. Облыс емханаларының учаскелік терапевттері мен акушер-гинекологтарынан талап етілетін бір ғана нәрсе – олардың есепте тұрған жүкті әйелдерді осы мектепке жіберу. Әрбір жүкті әйел өз емханасының дәрігерінен жолдама алып, босануға психопрофилактикалық дайындыққа МӘМС аясында тегін қатыса алады.
Бүгінде өңірде диспансерлік есепте 4729 жүкті әйел тұр.