KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
442.05 474.14 4.74

Театрдың көрерменін қалай көбейтеміз?

18.04.2024, 11:15 67 Қызырбек Дүргінбайұлы

Кез келген өнердің өзегінде өмірдің өрнегі, адамзаттың тарам-тарам тағдыр жолының табы бар. Сондықтан да өз өмірінің өрнегіне көз жүгіртіп, асқақ арманға қол созамын дейтін әрбір адамның театрға барғаны абзал. Себебі неміс  режиссері Петер Цадек: «Театр – көрерменнің тіпті түсінде көрмеген не армандамаған ойларының орындалатын орны», – деген болатын. Алайда біздің театрлар көрерменнің арманын орындай алып жүр ме?! Оған бірден «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру орынсыз болар. Сондықтан да сол салада жүрген шығармашылық өкілдерімен әңгіме өрбіткен едік.

Әлемді әлеуметтік желі жаулаған заманда театрлардың залын көрерменге толтыру қиындап бара жатқандай. Интернеттің қызығына батқан жастарды сахналық қойылыммен жалт қарату да оңай емес. Десе де ғасырлармен бірге жасасып келе жатқан театр өнері мәдениет көшінен қалмайтыны ақиқат. Бұл тек өнерді беріле сүйген жандардың арқасы мен олардың ерен еңбегінің жемісі болса керек-ті. Ендігі мәселе театрға баратын көрермендердің қатарын көбейтіп, қызықты қойылымдардың санын арттыру болмақ. Бұл тұрғыда театрлар да, актерлар да, драматургтер де өз деңгейінде жұмыс істеп жатқандарын айтады. Тек өнер әлеміндегі бәсекелестіктің бәсі биік болғандықтан көрерменнің көңілінен шығу оңайға соқпай тұрған көрінеді. Әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев: – «Театр – күрделі интеллектуалдық гармониядан тұратын, үш жақтан бірдей қиыннан қиысқан сахналық өнер», – дейді. Сондықтан да біз театр өнерімен өзектес үш шығармашылық өкілімен бірлесе әңгіме өрбіттік.

 

Ертегі көретін балалар көбейіп келеді

Бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық Драма театрына қарасты Жас көрермендер театрына келушілердің қатары көбейіп келеді екен. Олар заман талабына сай сахналық қойылымдар ұсынып, көрерменнің қызығушылығын арттырып, балаларды руханият арнасына қарай бағыттап жүр. Десе де әлі де жоғары деңгейлі қойылымдарды сахналауға қаржы мен актерлік құрамның аздығы қолбайлау болатын көрінеді. Білікті жас актерлердің құрамы аз болғандықтан, ойдағыдай қойылым ұсыну қиынға соқпақ.

 – Сан ғасырлар бойы жасап келе жатқан театр өнерінің бүгінгі заманда көші тоқтап қалмасы анық. Десе де қазіргі таңда интернет ресурстарымен, әлеуметтік желілермен, кино әлемімен бәсекелесте болу оңайға соғып жатқан жоқ. Алайда бәсекелесу қиын екен деп жұмысымыз тоқтап та тұрған жоқ. Көрермен қауымға барынша ойландыратын, толғандыратын, күлдіретін, мұңайтатын рухани қойылымдар ұсынып келеміз. Бүгінгі таңда интернет әлеміне сүңгіп кеткен көрерменді суырып алып, театр табалдырығын аттату да оңай емес екендігі белгілі. Әлеуметтік желілер мен интернет ресурстары арқылы қойылымдарымызды, репертуарларымызды, қойылымның жақсы шыққан сәттерін, жетістіктерімізді жариялап отырамыз. Ондағы мақсат – жалпақ жұртты театрға тарту, – дейді Жас көрермендер театрының актері және көркемдік жетекшісі Едіге Қайыртайұлы.

Театр залынан табылатын көрермендер аз да болса, жоқ емес. Тіпті тұрақты түрде қойылымдардан қалмай келіп тұратындар да бар. Оған әредік айдаумен келетін көрермендер қосылады. Қалай болғанда да театр залы бос қалмайды.

– Біздің Драма театрда соңғы кезде ертегі көретін балалардың саны артып келеді. Әртүрлі тақырыптағы ертегілерді сахналаймыз ғой, соған арнайы балаларын алып келетін ата-аналар бар. Бұлар енді театрдың болашақ көрермендері деуге болады. Осы жағы бізді қуантады. Содан кейін тұрақты көрермендермен қатар арнайы шақыртумен келетін көрермендеріміз де бар. Жалпы театр залы бос қалып жатқан жоқ. Көрермен көңілінен шығу үшін заман талабына сай біз де бейімделуге тырысып жатырмыз. Сол баяғы ескі сарында қалып қойған жоқпыз – дейді Едіге Қайыртайұлы.

Иә, жалпақ жұрт, соның ішінде жастар руханиятқа бет бұрса, өнер көшінің сапары баянды болмақ. Театрдың бұл бағытта ұтымды жұмыс істеуі бүгінгі руханияты әлсіреген қоғамға ауадай қажет екендігі белгілі.

 

Ескі драма есті драма

Ел арасында драматургия мен театрдың арасындағы байланыс алшақтап кеткен деген пікір бар. Сондықтан қолға ілінген сапасыз дүниелер сахна төріне шығатын болды деседі жұрт. Бұл пікірмен келісуге де, келіспеуге болады. Қалай болғанда да қара орман халықтың пікірін жоққа шығара алмайсың.

– Театр мен драматургтер арасында байланыс жоқ деп айтуға келмес. Осыған дейін жазып тастаған және жазылып жатқан драмалық шығармалар баршылық. Жас драматургтердің де қатары артып келеді. Тіпті заман талабына сай әртүрлі тақырыптарда қалам тербеп жүрген жастар баршылық. Ондай шығармалар мүлдем қойылмай жатыр деп айтудан аулақпын. Десе де көптеген театрлар дайын тұрған ескі драманы сахналауды үрдіске айналдырған. Бұл енді театрларға қаржылық тұрғыдан тиімді болса керек. Жаңадан жазылған драмаларды сахналау үшін авторына ақша төлеу керек, актерлардың киімі, сахнаны жасау деген сияқты қаржыны талап ететін жұмыстары бар ғой. Бірақ театр көрермен қауымға заман талабына сай жаңадан қойылымдар ұсынуға тырысу керек. Егер халықтың көңілінен шығар шығарма сахналанса, көрермен көптеп келіп тамашалайды. Оған бірнеше мәрте куә болдық. Алматыдан, Астанадан және басқа жақтардан театрлар келгенде көрерменнің қатары көп, зал толы болды. Жалпы театр өнерінің дамуына мәдениет басқармасы арнайы көңіл бөліп, қолдау көрсету керек. Себебі, театр – тәрбие құралы, ұлттың рухани тірегі бола алатын өнердің бірі, – дейді ақын, драматург Әскерхан Ақтай.

Өнердің қай саласына болмасын үнемі қолдау қажет. Мысалы, спорт денсаулық кепілі болса, өнер – мәдениеттіліктің  кепілі. Сондықтан да дені сау, мәдениетті һәм рухани ұрпақ тәрбиелейміз десек, бұл салаға үнемі қолдау көрсетіп отыруымыз қажет.

– Жалпы мүмкіндігінше облыстық мәдениет басқармасы қолдау көрсетіп келеді. Десе де кейбір қойылымдарды ойдағыдай сахналап шығу үшін қаржылық жағдай қолбайлау болатыны бар. Ал драма жағына келер болсақ, заманауи драмалар сахналанып  жатыр. Театр үнемі драматургтермен байланыс жасап отырады. Жыл сайын заманауи драматургиялық шығармалардың байқауы өтеді. Оны да қадағалап отырамыз. Ескі драмаларды есті драмалар деп айтуға болатын шығар. Мықты драматургтер жазған шығармада бірде бір артық сөз болмайды. Әр сөзінде бояу, әр сөзінде ой бар. Қазіргі жастар драмалық шығарманың көлемін арттыру үшін немесе ойын жеткізу үшін көпсөзділікке салынып кететіндері бар. Драмадағы әр сөздің астарында ойландыратын ой, толғандыратын сезім болу керек. Өзектілігін жоғалтпайтын, ел көңілінен шығатын осындай драмалар ғасырлар бойы сахналанса да артықтығы жоқ деп ойлаймын. Сондай-ақ бірнеше жас автордың шығармаларын сахналадық, әлі де драматургтер көрерменді селт еткізер тың дүниелер ұсынса сахналауға әзірміз, – дейді Едіге Қайыртайұлы.

Талапқа сай, талғамнан шығатын шығарма сахналанып жатса, көзқарақты көрерменнің театр залынан табылары анық. Жүйелі жұмыс істелсе, бүгінгі бәсекелестік заманында театрдың бәсі төмен бола қоймас. Жапондық режиссер, педагог, театр теоретигі Тадаси Судзуки: «Театр – дайын драматургияны қойып беру емес, ондағы оқиғалардың неге олай болғаны жайында ойлану», – деп ой қорытыпты. Рас, біздің театрлар ойлана алса және жалпақ жұртты ойландыра алса, көрерменінің саны көп болмақ.

 

Өнерді өз деңгейінде дамыту керек

Халықтың рухани сұранысына сай жұмыс істеу қажет шығар, бірақ көрерменнің деңгейіне түспеу керек дейтіндер бар. Бұл пікірді қоштайтындардың бірі – Қазақ театрының актері Ертай Хасенов. Ертай Хасенов актерлігімен қатар, «Шабыт» студенттер театрының жетекшісі ретінде өңірдің өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.

– Халықтың сұранысы екен деп өнерді биігінен құлатуға болмайды. Халық қалады екен деп ананы да, мынаны да сахналай берсек, театр өнерінің не қадірі қалады?! Біз көрерменнің деңгейін көтерумен де айналысуымыз керек. Біз көрерменнің жетегінде емес, көрермен біздің жетегімізде болса, театр өнері дамиды деп ойлаймын. Сонымен қатар театр саласына көбірек қаржы бөлініп, актерлердің жалақысы көтерілсе, театрдың көрермені де көбейер еді. Өйткені жақсы қаржы төленсе, оның сұрауы болады ғой. Алған ақыңа, бөлінген қаржыға сай жақсы дүниелер сахналанады. Біздің алып отырған айлығымызға мықты, жас актерлер келе қоймайды. Сондықтан әншіден, музыканттан, талантты деген жандардан актерлік құрам жасақталады. Қазір театрда жас актерлардың қатары сиреп барады. Жастардың рөлін 30-дан асып кеткен қарындастарымыз сомдап жүр. Мен «Шабыт» студенттер театры арқылы бірқанша жастарды тәрбиеледім. Олардың біразын театрға тартып көрдік. Жеке бас жағдайларымен басқа жұмыстарға кетті. Жалпы баяу болса да, театр өнері көшінен қалмай жүріп келеді. Театрдың мәртебесін арттыру үшін ең әуелі актерлердің беделін арттыру керек, – дейді Қазақ театрының актері Ертай Хасенов.

Халықтың қалауы деп шығарма біткенді сахна төріне шығара беруге болмайды деген пікірді де қоштауға болатындай. Неміс режиссері Михаэль Тальхаймер: «Егер қоғамда жара болып жатса, оны театр емдеуге, не «бәрі жақсы болады» деп сендіруге тиісті емес, театр сол жақты саусағымен нұсқап көрсетуі керек. Сонда ғана қоғам алдындағы парызы өтеледі», – деген болатын.

Біздің де айтпағымыз осы оймен үндесуі заңдылық. Бүгінгі жаһанданау заманында рухани аш қоғам үшін театр ауадай қажет. Барлығымыз театр төрінен табылуға тырысайық.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив