KZ
Өскемен
+2°
небольшой проливной дождь жел 3 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Шығыста көлік құрастыру саласының білікті мамандары даярлануда (видео)

30.04.2024, 16:33 496 Айжанат Бақытқызы

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ашылған Лу Бань шеберханасының жұмысымен БАҚ өкілдері танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ШҚТУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры  Әсия Машекенованың айтуынша, автомобиль көлігі саласындағы инженерлерді даярлауға арналған бірегей «Лу Бань» шеберханасын Қытай тарапынан Тяньцзинь кәсіби институты заманауи технологияларды, оның ішінде электромобильдерге қызмет көрсету технологияларын пайдалана отырып толық жабдықтаған.

Іс-шара барысында «Бензин қозғалтқышы бар автомобильдерді жөндеу және диагностикалау», «Дәстүрлі автомобиль жүйелерін симуляциялық сынақ», «Техникалық жабдықтау, электромобильдер мен гибридті автомобильдерді жөндеу және диагностикалау» және «Автомобильдердің SMART-технологиялары» зертханаларының қызметі таныстырылды.

«Мемлекет басшысы облымызға жұмыс сапары барысында «Лу Бань шеберханасының» маңыздылығына тоқталып, оны еліміздің өзге өңірлерінде де ашу қажеттігін атап өтті. Шеберхананың алдына қойған міндеттерін кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін ШҚТУ-дың 15 оқытушысы былтыр Қытайға барып, біліктілігін арттырып келді. Оқытушыларымыз биыл тағы да барып, тәжірибе жинақтайды. Алдағы уақытта университет базасында жасанды интеллектіге бағытталған «Лу Бань-2»  шеберханасын ашуды жоспарлап отырмыз»,- деді Әсия Машекенова.

ШҚТУ академиялық қызмет департаментінің директоры Самат Байгереевтің айтуынша, шеберхана базасында отандық автомобиль құрастыру өнеркәсібі үшін жоғары білікті техникалық және инженерлік мамандар даярлануда.

Қазірдің өзінде «Көлік, көлік техникасы және технологиялар», «Жол қозғалысын ұйымдастыру» білім беру бағдарламалары бойынша 400 студент білім алып жатыр.

Биыл, шамамен, 80 түлек жоғары білімді маман атанады.

«Лу Бань» шеберханасында білім алып, іскерліктерін жетілдірген түлектер автозауыттарда, автомобильдерді сату және сервистік қызмет көрсету жөніндегі диллерлік орталықтарда, өнеркәсіптік кәсіпорындардың көлік цехтарында және тағы да басқа   ұйымдарда қызмет ете алады.

Сондай-ақ, «Астана Моторс» компаниясы алдағы жылдың басында көлік зауытын ашпақ, онда да мамандарға деген сұраныс жоғары болады.

Жалпы техникалық унверситет түлектерінің жұмыспен қамтылуы 96 пайыз.

Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында іске қосылған шеберхананың ашылу рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысса, осы жылдың ақпан айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында жоғары оқу орнының қызметімен және оның базасында ашылған «Лу Бань шеберханасының» оқу орталығымен танысып, оның қызметіне жоғары баға берген болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу