Самат Байгереев: Жаңа бағыттағы жолдар экономикамыздың дамуына ықпал етеді
Елімізде Көлік министрлігі қайта құрылатын болды.
Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
- Президенттің Жолдауын қызығушылықпен тыңдадым, еліміз үшін өзекті мәселелер айтылды. Мемлекет басшысы көлік саласында Ресей және ҚХР ынтымақтастықта жұмыс істелінетінін, Көлік министрлігі қайта құрылатынын айтты. Мен үшін маңызды шешім, өйткені Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық аясында біздің университетімізде "Лу Бань шеберханасы" жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба бойынша Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың 15 оқытушысы Тяньцзинь кәсіптік институтына (Тяньцзинь қаласы) барып, оқып келдік. Қытайда автомобиль саласы өте дамыған, сол елде автомобильді де, электрмобильді де және гибридтік автомобильдерді де кездестірдік. Оқу бағдарламасында дәстүрлі автомобильдердің, электрмобильдердің және гибридтік автомобильдердің конструкциясы, техникалық қызмет көрсетуі, жөндеуі және диагностикалауы қарастырылған болатын. Сонымен қатар Президент көршілерімізбен ынтымақтастықты үзбей, Парсы шығанағына шығаратын жаңа жолдарды дамыту туралы да сөз қозғады. Жаңа бағыттағы жолдар сауда-саттық пен экономикамыздың дамуына игі ықпал етері сөзсіз, - деп пікір білдірді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Халықаралық инженерия мектебі деканының орынбасары Самат Байгереев.