KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
522.91 548.85 5.05

Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада жеңімпаздары марапатталды (видео)

14.05.2024, 11:50 417 Айжанат Бақытқызы

Өскемен қаласында ҚР еңбек сіңірген мұғалімі, «Дәуірдің дара ұстазы» атанған Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиада өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Дәстүрге айналған олимпиадамыз өз мәресіне жетті. Кешеден бері қатысушылардың «Хан-апаның» жеткен жетістіктері мен өмір жолы жайлы жазған эсселерін оқып, кереметтей қуанышқа бөлендік. Қазылар алқасы өз бағаларын берді. Сендер бақытты баласыңдар. Себебі, үш күн бойы дара ұстаз, профессор, академик Қанипа Бітібаеваның басқан ізімен жүріп, мыңдаған дарынды шәкірт тәрбиелеген білім шаңырағында болдыңдар. Жаңа Қазақстанды жарқыратып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жастардың қолында. Сондықтан олимпиада жыл сайын жалғасын таба берсін»,-деді республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының өкілі Зәуре Аманова.

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің  I, II, III дәрежелі дипломдарымен және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамотасымен марапатталды.

Атап айтқанда, қазылар алқасының шешімімен 23 оқушы 2-орын, 37 оқушы 3-орынды иеленді. Ал «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан 16 оқушы 1-орынға лайық деп танылып, республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды.

Бөдан бөлек, Бітібаевтар әулетінің атынан 10 бала, Жамбыл мектебінің 1996 жылғы түлектерінің атынан 6 балаға арнайы сыйлықтар тапсырылды.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген олимпиада жеңімпазы - дарынды балалаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназиясының оқушысы Мархабат Саяшова мен №1 Күршім орта мектебінің оқушысы Гүлім Идаятоваға университет грантын табыстады.

Ал Абай облысы Бесқарағай ауданы Беген орта мектебінің оқушысы Нұрай Арыстанбекова Шәкәрім университетінің грантын жеңіп алды.

Айта кетсек, білім сайысында өңірлік кезеңнен өтіп, еліміздің барлық аймағынан жиналған 160-тан астам 9-11 сынып оқушылары бақ сынаған болатын.

Олимпиаданың республикалық кезеңі 2 айналымнан тұрды:

- 1 айналым – жазбаша (эссе);

- 2 айналым – ауызша.

Қатысушылар қазақ тілі мен әдебиетінің шығармалары, Қанипа Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық мұрасы және публицистикалық еңбектері бойынша білімдерін көрсетті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу