ШҚО-да Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада өтіп жатыр
Фото: ШҚО Дарын орталығы
Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының базасында 12-14 мамыр аралығында ҚР еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиада өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ШҚО білім басқармасымен бірлесе ұйымдастырған білім сайысының мақсаты - оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдерін тереңдету, оқушыларды ұлттық мәдениетті, дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Өңірлік айналымнан өтіп, еліміздің барлық аймақтарынан іріктелген 200-ден астам 9-11 сынып оқушылары олимпиадада бақ сынауда.
Олимпиаданың республикалық кезеңі 2 айналымнан тұрады:
- 1 айналым – жазбаша (эссе);
- 2 айналым – ауызша.
Қатысушылар қазақ тілі мен әдебиетінің шығармалары, Қ.Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық мұрасы және публицистикалық еңбектері бойынша білімдерін көрсетеді.
Іс-шара барысында олимпиада қатысушыларына мәдени-танымдық бағдарлама, жетекшілерге шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.