Шіліктілік ақынның өлеңдер жинағы жарық көрді
Облыстық кітапханада Шілікті өңірінің тумасы, ақын Дәурен Қабдолдановтың «Ақкөңіл» өлеңдер жинағының таныстырылымы өтті.
Оған Дәурен Абдрахманұлының жерлестері, сыныптас-достары, туыстары және жастар қатысты. Шілікті өңірінен Хамит Балшабеков, Оралбек Бөкебаев, Әйгерім Жүрекбаева сынды белгілі ақындар шыққан. Осы ақындардың дәстүрін жалғастырып, Дәурен Қабдолданов ақындық, әншілік өнерімен халыққа танылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ел ішінде «Ақын Дәурен» деген атқа ие болған ол айтыс өнерін дамытуға үлес қосып, сол өңірдің мәдениетіне де көп еңбек сіңірген. Тәуелсіздік алған кездегі тоқырауда ән-жырымен ауылдастарына рухани демеу болып, алқалы ортада өнерімен топ бастады. Өкінішке қарай, жасындай жарқ етіп 45 жасқа толарында өмірден өтті.
Артында қалған өлең-жырларын, айтыстарын ақынның ұлы Аян жинап, кітап етіп шығарды. «Артында бар оңалар» деп халқымыз айтқандай, Аян Дәуренұлының әкесінің жыр жинағын шығаруын әке рухына тағзым деп бағалаймыз.
Жинақ туған жер, оның адамдары, тәуелсіздік, тіл, өнер тақырыбына арналған өлең, арнаулардан тұрады. Ақынның алуан тақырыпта айтқан құнды сөздері, орамды ұйқастары мен әзілдері оқырманды еліктіріп отырады.