ШҚО әкімдігі отырысы: Жұмысшы мамандықтар жылынан Милан–2026-ға дейін
Шығыс Қазақстанда облыс әкімдігінің кезекті отырысы басталды. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жұмысшы мамандықтар жылы аясында берген тапсырмаларының орындалуы, туристік маусымның қорытындылары және 2026 жылы Милан қаласында өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы талқылануда. Отырыс әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысы дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын орындаумен ашылды. Күн тәртібіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ халықаралық спортты дамыту тақырыбына қатысты бірқатар өзекті мәселе енгізілген.
Алғашқы болып Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтар жылына байланысты тапсырмаларының орындалу барысы қаралады. Бұл мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов пен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Төлепова баяндама жасайды.
Сондай-ақ, отырыс барысында 2025 жылғы туристік маусымның қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарлар таныстырылады. Аталған бағыттағы есепті өңірлік туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов ұсынады.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселе 2026 жылы Милан қаласында өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысына арналған. Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов баяндама жасайды.
Дамир Омаров