KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
519.28 540.05 5.31

Шынар АСҚАРОВА, актриса: – Бізде де шетелдегідей театр мәдениеті қалыптасып келеді

Фото: massaget.kz

30.05.2024, 10:19 193 Ләззат Қанатқызы

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры – қазақ өнерінің қара шаңырағы. Ғасырға жуық тарихы бар мәдени орда гастрольдік сапармен Шығыстың бас шаһарында болып қайтты. Көрерменге рухани азық сыйлаған театр ұжымын өңір жұрты құшақ жая қарсы алды. Осы орайда көпшілік көрерменге ана, әйел образымен танылған Шынар Асқаровамен сұхбаттасқан едік.

– Елімізге талай талантты тарту еткен Абай облысының топырағында дүниеге келіпсіз. Өзіңізді көгілдір экран арқылы танитын көпшілікке балалық шағыңыздың қалай өткені қызық...

– Иә, кішкентай ғана Ақсуат ауылында туып-өскен қазақтың қарапайым қара қызымын. Дұрыс айттыңыз, топырағы киелі Семей өңірінде дүниеге келгенмін. Араға қанша жыл салып Абай облысы Шығыстың құрамынан бөлініп шықты. Бірақ мен әлі күнге дейін Шығыстың тумасы екенімді айтып жүремін. Себебі екі облыс бөлінсе де, біз бөлінген жоқпыз. Сол бір Шығыстан, оның ішінде Тарбағатайдан түлеп ұштым. Мен дүниеге келген, өсіп-өнген Ақсуат ауылының өзі де өте киелі жер деп айтар едім. Шалғайда жатқан алақандай ғана ауданнан Майра Ілиясова, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Рүстем Қайыртай және тағы да басқа халықтың сүйіктісіне айналған танымал өнер адамдары шыққан.

Балалық шағым да осы Ақсуатта өтті. Өзім өнерлі отбасында тәрбиелендім. Әкем кәсіби маман болмаса да бірнеше аспапта еркін ойнай алатын. Анам биші, әнші болды. Аға-әпкелерімнің барлығы бір-бір аспапты меңгерген. Кешкісін аулада шағын оркестр болып, концерт беретінбіз. Бір қызығы, үйде мен ғана ешқандай аспапта ойнай алмайды екенмін. Бірақ өнерден құралақан болған жоқпын, биге қатысатынмын. Теледидардан көріп, моноспектакль ойнайтынмын. Ол кезде театрдың иісі мұрныма да бармайтын, спектакль деген не екенін де білмеппін. Бірақ көрші балаларды жинап, өзімді сахнада тұрғандай сезініп спектакль ойнағаным есімде. Яғни, алғашқы сахнам үйдің есік алды болса, алғақшы көрермендерім сол ауылдың тұрғындары болыпты.

Кішкентай ғана ауылдан шыққан қаршадай қыз өнер жолына қалай келді?

– Өнерге келуімнің өзі бір қызық оқиға болған. Мектеп бітіріп, жолдаманы қолыма алғаннан кейін ауылдағы Мәдениет үйінің директоры мені жұмысқа шақырды. Енді ғана мектеп бітірген жап-жас қызбын. Ойланатынымды айттым. Мәдениет үйінен шығып келе жатқанда Серік Жұматов деген ақын, драматург ағамды кездестірдім. Ол кісінің сөздері екі ойлы болып келе жатқан маған қанат бітіргендей болды. «Сен мен сияқты қарайып, ауылда қалғың келе ме? Бағыңды сына, қалаға бар, оқуға түспей жатсаң қайтып келесің», – деп қамшылады. Осылайша, құжаттарымды жинап, Семейге кеттім. Алайда мен кешігіп қалыппын. Ақсуаттан жеткенше байқау аяқталып қойыпты. Қайта ауылға қайтуға билет алып, автобус күтіп отырғанда бір орын босағанын, орнына мені жіберетіндерін айтып хабарласты. Осылайша бір қыз тағдырымды шешті десем де болады. Менің бір түсінгенім – адам алдына мақсат қойғанда күмән келтіруге болмайды. Өзіңе сенімді болсаң, шынайы қаласаң нық қадамдар жасап, дұрыс шешім қабылдау керек. Сол кезде барлық ісің берекесін береді.

– Алғашқы рөл, алғашқы белесті еске алсақ. Театр сахнасындағы алғашқы рөліңіз қандай болды?

–Театр сахнасында жүргеніме 30 жылдан асыпты. Ең алғашқы қадам Сәкен Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен Көлеңкелер» атты шығармасы желісінде қойылған спектакль болды. Ол кезде университет қабырғасында оқитын студентпін. Біз қойылымда «көлеңкелерді» сомдадық. Сол кездегі кемеңгер тұлғаларымызбен сахнаға шығу біз үшін қуаныш, мақтаныш және үрей мен қорқыныш. Ол спектакль, ол сахна менің есімде мәңгілік қалады. Ал толыққанды актер ретінде жолым қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында басталды. Алғашқы рөлім – Карла Гоццидің «Турандот ханшайымы» болды. Онда мен Адельма ханшайымды сомдадым. Ол – қойылымдағы ерекше, эмоционалды кейіпкерлердің бірі. Жалпы спектакль комедиялық жанрда болса, менің кейіпкерім жалғыз өзі трагедияны сүйретіп жүретін.

– Жол сілтеп, бағыт-бағдар берген ұстаздарыңыздан кімді атар едіңіз?

– Өнердегі анамыз, үлкен ұстазымыз – Хадиша Бөкеева болды. Сол кісінің мектебінен өттік. Одан кейін сахна өмірі туралы жол салып, бізді үйреткен Тұңғышбай әл-Тарази Жаманқұлов. Сондай ұлы тұлғалардың шәкірті екенімді мақтана айтамын.

Көбінесе жағымды кейіпкерлерді, ана рөлін сомдайсыз...

–Актер болғандықтан түрлі рөлде ойнаймын. Бірақ көбінесе жағымды рөлдер бұйырады. Әрине, адам Алла берген табиғатынан да ауытқымайды ғой. Сенің табиғатыңды танып, сол кейіпте көріп алғандықтан соған ұқсас рөлдерді береді. Кино болсын, театр болсын сондай қағида қалыптасып қалған. Өз басым оған қарсымын. Жағымсыз, өжет, мінезді әйелдерді де ойнап көрдім. Кейбірі «Сен тым нәзіксің, жүрегің нәзік, көзің күлімдеп тұрады, саған қатал адамды ойнаған қалай болар екен?» – дейді. Біз далада жер қазып жүрген шахтердан, Президентке дейін образ сомдайтын адамдармыз. Керек кезде ұстаз да, дәрігер де бола алуымыз керек. Бірақ ол бірден бола салатын дүние емес, біртіндеп қалыптасатын тәжірибе.

Кино болсын, театр болсын жүрегіңізге жақын рөліңіз қандай?

– Кез келген дүниенің алғашқысы жақсы, жаныңа ерекше жақын болады деп ойлаймын. Театрдағы алғашқы қадамымды еске алдым. Ал кинодағы алғашқы рөлім тіпті қызық болған. Жоғарыда қарапайым ауылдың қызы екенімді айтып өттім. 9-сыныпта оқып жүргенде өзіміздің жерлесіміз, атақты режиссер Серік Апрымов ауылға келіп өзінің дипломдық жұмысын түсірді. Кастинг өтіп, соған қатыстым. Маған бұйырғаны кішкентай ғана эпизод болды. Көлікте отырған қалыңдықты ойнадым. Ал кинодағы үлкен рөлім институттың соңғы курсында Д.Исабековтің «Тіршілік» повесі желісінде түсірілген «Тауқымет» деген фильм болды.

Сериалдарда да жиі бой көрсетемін. Ондағы жаныма жақыны – «Шалғайдағы оқиға» атты сериал. Қазір көпшіліктің сүйікті әншісі атанып кеткен Нұрболат Абдуллин алғаш рет киноға түсті. Мен соның анасын сомдадым. Ол сериалдың көтерген тақырыбы ерекше ұнады.

Кино немесе театрдың бірін таңдау керек болса, қайсысын таңдар едіңіз?

–Жаныма театр өнері жақын. Оның несін жасырамын? Театрда шынайылық бар. Кинода театрдағыдай дайындық болмайды, басынан аяқ өз образыңды ашып, ләззат алып ойнай алмайсың. Мәтінді 1-2 рет оқып, санаулы минутта камера алдында ойнап бересің. Бірақ бәрібір экран арқылы шынайылық беру үшін барыңды салып ойнайсың. Ал театрда қаншама еңбек, ұшан-теңіз дайындық бар. Оны санаңа сіңіру үшін мәтінді жүз қайтара оқимыз. Қойылымға дайындық басталған уақытта 10 күнді осы мәтінге арнаймыз. Барлық актер үстел басына отырып мәтінді қайталап оқиды. Ол күн сайын жалғасатын процесс. Яғни, жасандылық болмай, өз сөзің сияқты шығу керек. Кинодағыдай өзің қалағанда тоқтатып, қайта ойнайтын дүние емес.

Рөл таңдағанда адам табиғатынан ауытқымайтынын айттыңыз. «Қытайдан жеткен сәлемдеме» қойылымындағы рөліңіз табиғатыңызға жат болған жоқ па?

–Ондағы кейіпкердің басты рөлді сомдамаса да, өзіндік айтар ойы бар. Көпке топырақ шашпаймын. Дегенмен қазіргі кейбір әйел адамдардың бойындағы қасиеттерді де көрсетуге тырыстық. Бізде импровизацияға рұқсат етілген. Образды ашу үшін өз іс-қимылымызбен де, сөзімізбен де толықтыру керек кездер болады. Кейіпкердің өткені мен болашағын зерттеп, өзіндік өмірбаянын жазамыз. Ол жағымсыз кейіпкердің мінезінде бір сыр жатуы мүмкін. Оның астарын аша білуіміз керек. Осы орайда өз ойымды, жаныма бататын бір жайтты да жеткізгім келеді. Шынымды айтсам, мен өзімнің найман екенімді Алматыға барғанда сезіндім. Біздің елде руға бөліну, арғы беттен келген қандастарды бөлектеу әлі де байқалады. Ол біздің қандасымыз, бауырымыз, қанымыз. Өз елін іздеп келген қандасты жақын тартуымыз керек. Өз арамызда іріп, бөлініп жатсақ, ертеңіміз не болмақ? Қытайға ғана байланысты емес, басқа Өзбекстан, Иран, Түркияда да бауырларымыз бар. Баршамыз біріксек, ел боламыз, бөлінсек, жем боламыз. Негізі бұл қойылым ешқандай тапсырыспен дайындалған жоқ. Рахымжан Отарбаевтың фестиваліне арнайы дайындалған. Ешқандай қаржы да бөлінген жоқ. Өз еркімен келіскен актерлер сомдап шықты.

Кітап оқисыз ба?

– Маған бір сұхбатта «Әншілер мен актерлердің не айырмашылығы бар?» деген сұрақ қойды. Қазір әншілер де жиі киноға түседі ғой. Бірақ басты айырмашылық – актерлердің ішінде кітап оқымайтыны болмайды. Бұл ретте әншілерге тіл тигізер ойым жоқ. Олар да оқып, өз бетінше ізденетін шығар. Бірақ біз жоқ дегенде пьесаны оқимыз. Өзім қазір трендке шығып жатқан, жастар арасында танымал кітаптарды оқып отырамын. Маған кездесулерге барғанда жиі гүл сыйлайды. Кез келген нәзік жанды гүл алғанды ұнатады. Бірақ ол уақытша зат қой. Оның орнына кітап сыйласа, мәңгілік есіңде қалады. Өзің оқып аяқтасаң, ұрпағың оқиды. Бастысы, құнды білім сыйлайды.

– Қазір тетар актерлерінің әлеуметтік жағдайы қалай?

–Ұлттық статус алғалы жалақымыз өсті. Бірақ театрда ақша үшін, жалақы үшін жүретіндер кемде-кем. Кино, реклама, той алып, несібесін тауып жүргендер көп. Өнерге деген махаббатың болса ғана театрға келу керек шығар.

Қазақ театрының бүгінгі жағдайы қалай? Көрермен көп пе?

–Осы орайда студенттік шақты есіме алғым келіп отыр. Біздің топ Тұңғышбай Жаманқұловтың «Жұлдызды тобы» атанған.  Оның өзіндік себебі бар. Біз Дулыға Ақмолда, Асылбек Боранбай, Дәрия Жүсіп, Нұржан мен Гүлшат Тутовтар, Қадырғали Көбентай, Алмат Сақатов, Қуандық Шәкіржанов сынды белгілі актерлер бір топта оқыдық. Сол кезде театрды басқарып отырған Әзірбайжан Мәмбетов бізден емтихан алды. Ол кезде келген жеріне байланысты облыс-облысқа жолдама берілетін, жан-жақтан режиссерлер келетін. Семей облысынан Шапай Жұлқашов деген режиссер келіп, мені жұмысқа шақырды. Маған сахна болса болды, оның үстіне өз елімнен шақырту алғаныма қуана келістім. Шынтуайтына келгенде, Әуезов театрын армандап та көрмеппін. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды алатын театрға өзімді лайықты санамаған да шығармын. Осылайша диплом алар кез де жетті. Диплом табыстау рәсімінде қай театрға бөлінгенімізді айтатын. Сол кезде «Асқарова Әуезов театрына» дегенді естіп, екі аяғымды сезбей қалдым. Жанымдағылардан «Не деді? Әуезов дей ме? Менің атымды айтты ма?» деп қайталап сұрай беріппін. Осылайша бір топтан оншақты бала осы Әуезов театрына келдік. Қойылымдарға барымызды салып дайындаламыз. Сахнаның шымылдығы ашылғанда 5-10 адам ғана отыратын. 1994-1995 жылдары репертуарымызға «Турандот ханшайымы» қосылды. Қойылымға дайындалып жатқанда Тұңғышбай аға актерлердің суреті, өмірбаяны жазылған бір жапырақ қағаздарды бізге бөліп берді. Қала-қалаға, көше-көшеге іліп, таратып шықтық. Ғаламтор жоқ, жарнаманы осылай жүгіріп жүріп өзіміз жасадық. Сіздерге өтірік, маған шын сол «Турандот ханшайымы» спектакліне халық есікті сындырып кірді. Көрермен жерге отырып көріп шықты.

Сахнада тұрып көрерменнің ыстық ықыласын сезініп тұрасың ғой. Осы орайда шығысқазақстандықтардың, өз жерлестерімнің театрға деген құрметін, өнерге деген махаббатын байқадым. Шынымды айтсам, мұндай қошеметті күткен жоқпын. Мұндай лық толы залдар көп қалада болмайды. Ол актерлерге өте үлкен қуаныш сыйлары сөзсіз.

Шетелдерге шыққанда театрға билет бір ай бұрын сатылып кететінін естіп, қатты қызығатынмын. Бізде де сол мәдениет қалыптасып келе жатқан сияқты. Осы гастроль барысында соған көзім жетті. Халық билеті жоқ болса да келіп, есікте күтіп тұрады екен. Тіпті билет таппай, маған әлеуметтік желі арқылы жазып жатқандар да көп болды.

Ашық әңгімеңізге көп рақмет!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу