Ұрпақ тәрбиесінде Аналар кеңесінің алар орны зор
Фото: Махаббат Ахметжанова
Қазір облыста жүздеген Аналар кеңесі жұмыс істейді. Кеңес мүшелері отбасылық құндылықтарды нығайтуға, жастарға патриоттық тәрбие беруге, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуға үлес қосып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
- Алтай аудандық Аналар кеңесінің жетекшілігімен қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін «Дәстүр» мектебі ашылған. Біз ұзақ өмір сүру орталықтарымен, ардагерлермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға да көңіл бөліп, көмектесеміз. Бүгінде 18 ата-ана Аналар кеңесінің көмегімен тұрақты жұмысқа орналасты. Осы орайда Алтай ауданында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық тіркелмегенін айта кеткім келеді, - деді Алтай аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Алтынай Нұрмұхамбетқызы.
Отбасы құндылықтарын нығайту, ана мен баланы қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі отбасы институтын дамытуда, ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқарады.
- Мемлекет басшысы елімізде Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі сияқты құрылымдарды дамыта түсу қажеттігін атап өткен болатын. Бүгінгі таңда этносаралық келісімді нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және толерантты тұлға қалыптастыру – Аналар кеңесінің басты міндеті. Сондықтан аудан-қалалардың әкімдеріне кеңес қызметін қолдауды тапсырамын, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Өскемендегі этноауылда Қазақстан халқы Ассамблеясының XXX сессиясы өтті.