Өскеменде мемлекеттік қызметшілер Спартакиадасы өтіп жатыр (видео)
Өскеменде мемлекеттік қызметшілер арасындағы кезекті облыстық Спартакиада басталды. Бүгін Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде жарыстың ашылу салтанаты өтіп, оған сайысқа түсетін 27 команданың өкілдері жиналды.
2001 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Спартакиаданың биылғысына 500-ден астам адам қатысуда. Мұны да жарыс мәртебесінің жыл өткен сайын артып келе жатқанының бір дәлелі ретінде қарастыруға болады.
Жоғарыда жазғанымыздай, биылғы жарысқа 27 команда, 500-ден астам мемлекеттік қызметші қатысуда. Олар спорттың алты түрі бойынша сынға түсетін болады. Дәлірек айтсақ, төрт күнгі созылатын Спартакиада бағдарламасына футбол, жүзу, тоғызқұмалақ, волейбол, гір көтеру және үстел теннисі енген. Спорттық іс-шараға түгелдей дерлік аудан мен қаланың, облыстық басқарма мен аумақтық департаменттің командалары қатысып жатқанын айту керек. Тіпті, арасында жаңадан құрылған Марқакөл ауданының спортшылары да бар екен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жарыс бұрынғыдан өзгерек, өйткені бұл жолы қатысушылар екі топқа бөлініп өнер көрсетеді. Бірінші топта облыс аудандары мен қалаларының командалары бақ сынаса, екінші топта басқармалар мен департаменттердің спортшылары өзара мықтыны анықтамақ.
Спартакиаданың ашылуында сөз сөйлеген облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов бұл сында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар алдағы республикалық бәсекеге қатысуға мүмкіндік алатынын да жеткізді. Еске салайық, мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық Спартакиада 15-20 шілде аралығында Ақтөбе қаласында өтеді деп жоспарлануда.