KZ
Өскемен
-8°
туман жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өскемендегі жарысқа 700-ден астам спортшы қатысуда

22.02.2024, 17:41 180 Нұржан Кенжеұлы

Облыс орталығында жеңіл атлетикадан жасөспірімдер мен кіші жастағы ұл-қыздар арасындағы жабық кешендегі Қазақстан чемпионаты басталды. Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде жалауы желбіреген дода үш күнге созылмақ.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, биылғы жарысқа 700-ден астам атлет жиналған. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Өскемендегі жарыс рекорд орнатты деуге болады. Мұны басқарма басшылығы да айтып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Өздеріңіз білесіздер, жабық кешендердегі жарыстар жеңіл атлетиканың 23 түрі бойынша өтеді. Биылғы жарыста республиканың түгелдей дерлік өңірінің спортшылар бақ сынауда. Бұған қоса, шетелдік қонақтар да келді. Дәлірек айтсақ, жарысымызға Қырғызстан тарапы қатысуға ниет білдірген. Мұның өзі республикалық чемпионаттың мәртебесі жыл өткен сайын артып келе жатқанының дәлелі, - дейді денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.

Басқарманың ақпаратына сенсек, бүгінде еліміздегі жабық кешендердегі жарыстардың дені Астанада өтеді. Дегенмен, кей додаларды Шығыс Қазақстан облысының орталығы қабылдайды. Кіші жастағы ұлдар мен қыздар, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігін солардың қатарына қосуға болады.

– Өскеменде Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі ашылғалы бері жергілікті атлеттердің нәтижелері де жақсара бастады. Қазіргі уақытта біздің спортшылар елішілік жарыстарда үнемі үздіктер қатарынан көрінеді. Бұл, әрине, қаламызда осындай керемет спорт нысанының болуының арқасы, – дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, бұл чемпионаттың қорытындысы бойынша ел құрамасы жасақталып, алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады. Сондай додалардың ішіндегі ең айтулысы биылғы сәуір айының соңында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін Азия чемпионаты болатыны сөзсіз.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу