Биыл ШҚО-да екі есе көп жылу желісі жаңарады (видео)
Шығыс Қазақстанда жылыту маусымына дайындық жұмыстары әдеттегідей күні бұрын басталады. Биыл да солай болды. Өткен жылыту маусымы аяқталмай жатып, мамандар келер қыстың қамына кірісіп кеткен.
Облыста арнайы штаб құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Ол жоспардың ішіне жылу жүйелерінде гидравликалық сынақтар өткізу, көмір жеткізу, көпқабатты үйлерді дайындау сияқты көптеген жұмыстар енген.
Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан хабарлағандай, биыл Шығыс Қазақстанда 56 шақырым жылу желілері ауысытырмақ. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп мөлшер. Облыста жылу желілерін күтіп ұстауға 20,8 миллиард теңге қаражат қарастырылған және бұл өткен жылғы қаражатпен салыстырғанда шамамен екі миллиардқа артық.
Биылғы қаңтар айынан бастап облыстағы түгелдей дерлік қазандыққа бейінді ведомствоның және «Өскемен жылу жүйелері» компаниясының мамандарымен тексеріс жүргізілген. Анықталған ақауларды жоюға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Басқарма басшылығы хабарлағандай, мұндай жұмыстар Үлкен Нарын, Ұлан, Күршім, Зайсан және Глубокое аудандарында жүргізілетін болады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып та қойыпты. Аталған бағыттағы жұмыстардың сапалы әрі кестеге сай орындалуын, бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді игерілуін қадағалайтын жұмыс топтары құрылып, оған мемлекеттік мекелемердің мамандары, депутаттар мен түрлі қоғамдық ұйымның өкілдері, журналистер кірмек.
Ол, сонымен қатар Өскемен Жылу электр орталығында да алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта орталықтың тоғыз қазандығының біріндегі жөндеу жұмыстары аяқталып қойған. Тағы үш қазандықты жөндеу жұмыстары жалғасуда. Шілде айында тағы екі қазандық іске қосылуға тиіс. Жалпы, 15 қазанға дейін барлық тоғыз қазандық пен сегіз турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр.