Өскеменде жабық футбол стадионы салынады
Фото: Редакция мұрағатынан
Облыс орталығында төбесі жабық футбол стадионын салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта спорт нысаны бой көтеретін жер учаскесі анықталуда.
Облыстық құрылыс басқармасынан хабарлағандай, ауқымды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еске салайық, биылғы ақпан айында Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келгенде ел Президенті өңірдің спорт инфрақұрылымын дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде жабық футбол стадионын салу міндеті де бар.
Бүгінде облыс орталығында үш ашық футбол стадионы жұмыс істеп тұр. Олар: «Восток», «Алтай» және «Титан» стадиондары. Мамандардың айтуынша, қолданыстағы футбол стадиондары жыл бойы балалар мен ересектердің жаттығуын ұйымдастыруға жеткіліксіз. Осыған байланысты, тағы бір спорт нысанын салу қажеттілігі туындап отыр.