KZ
Өскемен
-23°
плотный туман жел 1 м/с, С
518.14 537.57 5.27

Отбасын жоспарлаудың ең басты мақсаты – ана мен бала өлімінің алдын алу (видео)

26.06.2024, 16:57 373 Айжанат Бақытқызы

Репродуктивті денсаулық апталығының үшінші күні Өскеменде «Отбасын жоспарлау» тақырыбында дөңгелек стол өтті.

Биылғы 25-30 маусым аралығында елімізде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Апталықтың үшінші күні қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі - «Отбасын жоспарлау» тақырыбына арналды.

Ана мен бала орталығының консультативті диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі, репродуктолог Надира Слямханованың айтуынша, апталық аясында жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының маңызы, отбасын жоспарлау, ерте жүктіліктің және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, АИТВ инфекциясы мен ЖЖБИ-дің таралуы сияқты өзекті мәселерге маңыз берілуде.

«Отбасын жоспарлау» тақырыбы арқылы біз апталықтың бірінші күнінен бастап көтеріліп жатқан мәселелерге көңіл аударамыз. Отбасын жоспарлау дегеніміз – жұптардың денсаулығына және қаражатына байланысты өздеріне ыңғайлы уақытта жүкті болып, өмірге салауатты ұрпақ әкелуі. Көп жағдайда біздің менталитетімізге байланысты жүктілікті жоспарлауды босануды шектеу деп түсініп жатады. Бірақ бұл дұрыс ұғым емес. Отбасын жоспарлаудың ең басты мақсаты – ана мен бала өлімінің алдын алу»,-дейді Надира Слямханова.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта босану кезінде болатын асқынулар жиілеп кетті. Ана мен бала өлімі көрсеткішін төмен түсіргенімен, тәуекел тобындағы жүкті әйелдердің саны көп. Осы жағдайлардың алдын алу үшін отбасын жоспарлауды үйрету керек, дейді сарапшы мамандар.

Қазір облыс бойынша 25 медициналық ұйым бар. Кез келген емханада отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді. Емханалардағы акушер-гинеколог немесе отбасылық дәрігерге қаралған жұптар денсаулығын тексертіп, қандай да бір кінәраты болса емделіп, жүктілікті содан кейін жоспарлайды.

«Отбасылық амбулаторияның» психологы Бақыт Заирова айтып өткендей, «Жастар денсаулық орталықтарында» да ашық есік күндері өтіп жатыр. Облыста барлығы алты орталық бар. Оның біреуі Риддерде, бесеуі Өскеменде.

Айта кетсек, апталықтың мақсаты – халықтың репродуктивті денсаулықтың маңызы туралы хабардар болуын қамтамасыз ету және салауатты өмір салтын насихаттау.                                                                  

Бүгінде апталық аясында облыс емханаларында ашық есік күндері өткізіліп, жастар мен жасөспірімдерге, сондай–ақ фертильді жастағы тұрғындарға бейінді мамандар түрлі кеңес беріп, тегін медициналық қызметтер көрсетіліп жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу