KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
523.86 544.34 5.11

Ауыл шаруашылығы алға басқан өңір

27.06.2024, 12:11 144 Мадина Амангелдіқызы

Шемонаиха ауданының биылғы экономикалық даму көрсеткіштері көңіл көншітеді. Ауданның өнеркәсіп орындары 40 млрд теңгеден астам, ал агроөнеркәсіп кешені 4,8 млрд теңге көлемінде өнім өндірді. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жоғары, яғни өсім бар.

Аудан әкімі Григорий Акуловтың айтуынша, аудан өнеркәсібінің негізгі үлесі – 70,8%-ы тау-кен өндіру саласына тиесілі. Бұл салада биылғы бес айда 28,5 млрд теңге сомаға өнім өндірілді, нақты көлем индексі – 108,4%.

Аудан экономикасындағы тағы бір маңызды бағыт – өңдеу өнеркәсібі. Жыл басынан бері бұл салада 10,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді, оның ішінде 6,3 млрд теңгенің азық-түлік өнімдері шығарылды.

Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,8 млрд теңге болды, нақты көлем индексі – 103,9%.

– Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,9 млрд теңге болды. Нақты көлем индексі – 71,2%. Инвестиция тарту және құрылыс-монтаждау жұмыстары көлемінің азаюы «Востокцветмет» ЖШС-нің Артемьев алаңына қатысты жобасының аяқталуымен байланысты, – деп түсіндірді Григорий Акулов.

Орташа айлық қанша?

Құрылысқа келетін болсақ, атқарылған жұмыс көлемі 109,1% өсіммен 5 млрд теңгеге жетті, ал жалпы ауданы 1159 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен жоғары.

Шағын және орта бизнес саласы да аудан экономикасының дамуына өз үлесін қосуда. Жыл басынан бері бөлшек тауар айналымының көлемі 6,4 млрд теңгеге жетті. Бүгінгі таңда Шемонаиха ауданында 2 301 кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 93,9%.

Григорий Акуловтың айтуынша, кәсіпкерлер санының азаюына біршама заңды тұлғаның жұмысын тоқтатуы, шаруа қожалықтарының жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құрамына өтуі, табыстың болмауына байланысты кәсіпкерлік нысандарының жабылуы сияқты бірқатар себеп әсер еткен. Сондай-ақ кейбір жеке кәсіпкерлер зейнеткерлік жасқа жетіп, бизнестерін тоқтатса, енді біреулері декреттік демалысқа шыққан немесе аудан кәсіпорындарына жұмысқа орналасып, жалдамалы жұмысшылар санатына қосылған.

Қазір аудандағы орташа айлық жалақы – 331,727 мың теңге. Ал облыстағы орташа еңбекақы – 376,519 мың теңге көлемінде.

 – Биылғы қаңтар-мамыр айларында аудан бюджеті меншікті кірістер бойынша 151%-ға орындалды. Жоспар бойынша қазынаға 1,75 млрд теңгеден астам қаржы түсуі керек болатын, іс жүзінде 2,643 млрд теңге кіріс кірді. Бұл былтырғыдан әлдеқайда көп. Бес айдың қорытындысы бойынша қаржы игеру 99,9% болды, – деп атап өтті аудан басшысы.

Егіс жұмыстары уақытында аяқталды

Аудан әкімінің айтуыныша, өңірде көктемгі егіс жұмыстары уақытында аяқталды. Жаздық дақылдардың көлемі 125,9 мың гектар болды. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 63,2 мың гектар, күнбағыс – 55,3 мың гектар, Жемшөп дақылдары – 8,8 мың гектар аумаққа себілді, 11 мың гектар алқап парға қалдырылған.

– Мал шаруашылығы туралы айтар болсақ, «Рулиха» ЖШС-ның жұмыс істеп тұрған тауарлы-сүт фермасын 1 080 басқа дейін кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Жоба қаржыландырылды, фермада қазір жалпы саны 1 311 басты ірі қара мал бар, оның 624 басы сүт бағыттағы ірі қара, – деп атап өтті Григорий Акулов.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз еті мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Жергілікті өнімді тұрғындарға қолжетімді бағада саудалау үшін биыл 26 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 180,1 млн теңгенің өнімдері сатылды.

Туристерді қызықтыратын табиғаты тамаша жерлер Шемонаиха өңірінде жетерлік. Солардың бірі Большая Речка ауылындағы «Раздолье» демалыс базасы. Демалушыларға 2018 жылдан бері сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан аталмыш базада 35 адамға арналған үш үй орналасқан. Биыл жазда 30 адамды бір мезетте қабылдай алатын тағы бір демалыс үйінің құрылысы аяқталады. Болашақта туристік базаның керегесін кеңейтіп, жайлы жағдай жасау мақсатында бұл жерде ауызсу шығаратын құдық қазып, күн батареяларын орнатып қойған. Сол сияқты воркаут алаң салынып, суға шомылатын орын жасалған, қайық, байдарка сияқты жазғы демалысты қызықты да пайдалы өткізуге арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Ауызсудан таршылық жоқ

Григорий Акуловтың айтуынша, қазіргі уақытта Убинка және Сугатовка ауылдарында сумен жабдықтау нысандарының құрылысы, сондай-ақ жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Белый Камень ауылында сумен қамту желісін ағымдағы жөндеу толық бітті, ал Медведка мен Новая Убинкада жұмыс әлі де жүріп жатыр.

– «Шемонаиха су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының су жинау нысанында биыл 22 есептеу аспабы орнатылады, экскаватор сатып алынды, тағы екі арнайы техника сатып алу жоспарда бар, бұл қысқа уақытта апаттық жағдайларды жоюға мүмкіндік береді, – деп толықтырды аудан басшысы.

Сонымен қатар Шемонаиха, Первомайка және Барашки, Октябрьск, Медведка елді мекендерінде көше жарығын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ осындай жұмыстарды Большая Речка, Кандыковка, Рулиха және Красная Шемонаиха ауылдарында да жүргізу көзделген. Мәселен, мамыр айында Волчанка ауылдық округінің Березовка ауылында көшені жарықтандыруға арналған сегіз баған орнатылды. Медведка және Большая Речка ауылдарында 1 тамызға дейін ұялы байланыс жабдықтары орнатылады. Сондай-ақ Горбуново ауылында ұялы байланыс сапасын жақсарту үшін тиісті антенна орнатылып жатыр.

Жол жылының шапағаты тиді

Абаттандыруға келетін болсақ, биыл жазда Шемонаихада спорт алаңы мен екі балалар ойын алаңын орнату жоспарланған. Межовка және Белый Камень ауылдарында тағы екі алаң орнатылады, ал Большая Речкада воркаут алаңы салынады. Половинка елді мекенінде балалар жаңадан салынған ойын алаңында ойнап, сол жердегі жаңадан орнатылған жаттығу құралдарын, сырғанақ пен белтемірлерді меңгеруде.

Ново-Ильинкада спорт алаңын салу үшін рұқсат құжаттар ресімделіп жатыр.

Григорий Акуловтың айтуынша, биыл облыста жарияланған Жол жылы аясында аудан орталығында Астана, Бауыржан Момышұлы, Анатолий Иванов, Путейская, Первомайская, Пушкин, Западный, Станционный, Лермонтов, Победа көшелерін орташа жөндеу жоспарланған.

Сондай-ақ Шемонаихада бес қабатты тұрғын үйлердің аулалары ретке келтіріліп, «Марьин утес» бақылау алаңына кіреберіс жол жөнделеді.

Бұған қоса Березовка ауылына кіреберіс жолды және Усть-Таловка кентіндегі екі бес қабатты үйдің аула аумағын орташа жөндеу көзделген. Рулихадағы көпірді ағымдағы жөндеу басталды, жақын арада Верх-Убадағы көпірді жөндеу қолға алынады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу