KZ
Өскемен
небольшой снег жел 2,4 м/с, ОБ
494.87 520.65 4.91

ШҚО-да дәстүрлі садақ ату спорты қарқынды дамып келеді

5.07.2024, 15:51 145 Қызырбек Дүргінбайұлы

Биыл елімізде дүниежүзілік V көшпенділер ойындары өтеді. Қазақ елінің төрінде өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойынында 21 спорт түрі бойынша қатысушылар бақ сынамақ. Соның ішінде басты спорттардың бірі – дәстүрлі садақ ату сайысы. Бұл өнер елімізде кенжелеп қолға алынса да қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.

Күзде өтер дүбірлі дода қарсаңында Өскемен қаласында дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Бұл шараның басы-қасында алдағы V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын мергендер де жүр. Ел намысын қорғауға жолдама алған сұр мергендердің бірімен сұхбат құрып, әңгіме өрбітіп қайттық.

– Астана қаласының спортшысы, дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың мүшесімін. Алла қаласа күзде елімізде өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойынында дәстүрлі садақ ату сайысы бойынша бақ сынамақпын. Жалпы адырна мен жебені қолға алғаныма үш жыл ғана болса да, екі рет ел чемпионатында жүлдегер атандым. Спортшы ретінде жарысқа қатыссам, осы спорттың жанашыры ретінде дамуына ат салысып келемін. Еліміздің түкпір-түкпірінде жарыстар ұйымдастырып, жас мергендерге жігер беріп келеміз. Бірқатар облыста дәстүрлі садақ ату спорты жақсы дамып келеді, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының спортшылары да бұл өнерді қарқынды дамытуда. Соның бір дәлелі екі-үш күннен бері 300-ге тарта спортшы қатысып жатқан сайысты айтуға болады, – дейді дәстүрлі садақ ату бойынша ҚР чемпионатының жеңімпазы, V дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысуға жолдама алған сұр мерген Бақберген Сәлімов.

Айта кетейік, Бақберген Сәлімов V дүниежүзілік көшпенділер ойынында дәстүрлі садақ ату сайысы бойынша еліміздің намысын қорғайтын 10 спортшының бірі. Ал он спортшының қатарында ШҚО-дан да бір мерген бар. Сұр мергенмен өрбіген сұхбаттың толық нұсқасы алдағы уақытта «DIDAR» газетінде жарық көретін болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу