ШҚО-да биыл жеті мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі
фото: depositphotos.com
Облыста жалпы сомасы 932,1 миллион теңгеге 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде, оның ішінде оқу жылы басталғанға дейін 5 мектептегі жұмысты аяқтау жоспарланған. Тағы 2 нысан 2025 жылға ауысады. Осы орайда ауыспалы жобалар оқу процесін ұйымдастыруға әсер етпейтінін айту керек.
Бүгінде жоспарланған 81 нысанның (1,8 миллиард теңге) 41-де ағымдағы жөндеу жұмыстары соңына жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
11 нысанда дайындық 70 пайыздан асады, жұмыстарды 15 тамызға дейін аяқтау жоспарланған. Қалған 29 нысандағы жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін бітпек.
Қазіргі уақытта жылыту маусымы кезінде білім беру ұйымдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Бұл ретте облыстағы 343 мектептің 91-і орталық, 252-сі автономды жылыту жүйесіне қосылғанын айтқан абзал. Барлық 97 мектеп қатты, сұйық және газ отынын жеткізу жөнінде келісім жасады.
Бүгінде облыстағы 61 мектепте жаңа модификациядағы кабинеттерге қажеттілік бар. Бұл шамамен 400 кабинет.
Ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, 2024 жылы 549,3 миллион теңгеге 45 пәндік кабинет сатып алу жоспарланған, оның 20-сы жеткізілді (Физика-5, Биология-5, Химия-3, роботты техника-3, stem-4). 1 қыркүйекке дейін 13 кабинет, жыл соңына дейін тағы 12 кабинет жеткізіледі деп күтілуде.
Жалпы, 2025 пен 2029 жыл аралығында тағы 210 жаңа модификациялы кабинет сатып алу жоспарланған екен. Олар бірінші кезекте материалдық-техникалық базаның сәйкес келмеуіне байланысты мемлекеттік аттестаттау рәсімінен өтпеген мектептер мен дәл осындай кабинеттер тапшылығы бар білім ордаларына берілетін болады.