KZ
Өскемен
-1°
пасмурно Штиль
494.87 520.65 4.91

2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды

фото: depositphotos.com

2.09.2024, 15:48 165 Нұржан Кенжеұлы

Алдағы 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланады. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын.

– Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Енді бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсат та – осы.

– Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет саласының қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек, – деп мәлім етті Қасым-Жомарт Тоқаев.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу