Халықаралық аренада іргелі мемлекетке айналамыз – Алпамыс Тоқсанбаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Алпамыс Тоқсанбаев,Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің оқытушысы:
- Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғыкезекті Жолдауын мұқият тыңдадық, әртүрлі салада қолға алынбақ талай-талай өзгерістер айтылды.Мен құқықтық жүйе туралы айтқым келеді. ПрезидентімізЖолдауда: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы», – деді. Мен осыған толық қосыламын. Құқықтық мемлекет құру үшін сапалықұқықтық білім керек. Мектептерде, жоғару оқу орындарында, ол техникалық бағытта ма, жоқ әлде гуманитарлық бола ма, маңызды емес, болашақта құқық негіздері пәні міндетті түрде енгізілуі керек деп санаймын. Көптеген азаматтарымыз өздеріне қарсы заңсыздық орын алған кезде өздерінің құқықтарын жөнді білмейді. Елімізде қылмыстарды азайту үшін жастарымыздың құқықтық білімдері болғаны дұрыс. Осындай білім алған жас ұрпақ өздерінің Конституциялық құқықтарын да, азаматтық құқықтарын да жақсы білетін болады. Конституциялық құқықта қағидалар деген бар, ол еліміз үшін аса маңызды мәселелерді Референдум, Парламенттік дауыс беру арқылы шешуді білдіреді. Жолдауда Президент атом электр станциясын салуды халықпен ақылдасып, ұлттық референдумның қорытындысы бойынша шешім қабылдайтынымызды айтты. Мен оны өте құптарлық деп ойлаймын. Жолдаудан кейін адамдар «ал осы өзгерістерді енді кім жүзеге асырады?» деп сұрап жатады. Меніңше, ешкім келіп, мемлекетімізді өркендетіп бермейді, әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек, әрқайсымызда құқықтық мәдениетті қалыптастыру қажет. Мысалы, қазір оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пәні оқытылады. Таза, адал еңбек пен тәрбие, біліммен өз үлесімізді қоссақ, Қазақстан халықаралық сахнадан ойып орнын алатын іргелі мемлекетке айналады.