Таврия ауылында заманауи жылу қазандығының құрылысы аяқталды – ШҚО
Ұлан ауданының Таврия ауылында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге арналған заманауи қазандықтың құрылысы аяқталды. Жобаның жүзеге асу барысы мен жабдықтардың жылыту маусымына дайындығын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов барып тексерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазандықтың орнатылған қуаты – 5,4 МВт. Құрылыс жұмыстары республикалық және облыстық бюджеттер мен Ұлттық қор қаражатынан қаржыландырылды.
Нысан 2024-2025 жылдары салынды. Қазандық үш су жылыту қазандығымен жабдықталған, олар 150/65°C температуралық кестесі бойынша жұмыс істейді. Отын ретінде Қаражыра кенішінің тас көмірі пайдаланылады.
Жобалық құжаттамаға сәйкес жаңа қазандыққа жалпы жылу жүктемесі 2,8 МВт болатын 16 нысан қосылған. Биылғы жылыту маусымында жылу төрт әлеуметтік нысанға – балабақшаға, мектепке, ауруханаға және әкімдікке берілді. Алдағы уақытта Мәдениет үйі, спорттық-сауықтыру кешені, мешіт, «ШҚО-Хоспис» мекемесі, дүкендер мен көпқабатты тұрғын үйлер орталықтандырылған жылумен қамтылмақ.
Айта кетейік, қазіргі кезде қазандықтар толық қуатта жұмыс істеп тұр, бұл Таврия ауылының барлығын жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
Нысан жуырда қызмет көрсету және пайдалану үшін «Шығыс Жылу» АҚ балансына берілді.
Жобаны жүзеге асыру – Шығыс Қазақстандағы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың кешенді бағдарламасының бір бөлігі. Қазандықтың іске қосылуы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді үздіксіз жылумен қамтып, жылыту жүйелерінің сенімділігін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Дамир Омаров
Фото: Данияр Сағидолдин








