KZ
Өскемен
небольшой снег жел 6 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Үлкен Нарын ауданының орталығында қосымша қазандық орнату жоспарлануда

Кеше, 11:30 108 Айна Бакимбаева

Үлкен Нарынға жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауылдың тіршілігі үшін маңызды нысан – орталық қазандықтың жұмысымен танысты. Бұл қазандық тек тұрғын үйлерді ғана емес, әлеуметтік және әкімшілік мекемелерді де жылумен қамтамасыз ететін елді мекеннің басты жылу өзегі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Үлкен Нарынның қазандығы 2015 жылы іске қосылған. Қуаты – сағатына 10,4 Гкал. Мұнда төрт КВМ-3.0 су жылыту қазандығы жұмыс істеп тұр. Бүгінде жүйеге 300-ден астам жеке абонент пен 90-ға жуық заңды тұлға қосылған. Жалпы, бүгінде 38 мың шаршы метрден аса аумақ жылумен қамтылып отыр, ал ауыл ішінде созылып жатқан жылу желілерінің ұзындығы 8 шақырымнан асып жығылады.

Аудан орталығында жаңа әлеуметтік нысандар салынып, тұрғын үй құрылысы қарқын алып жатыр. Сол себепті жылу жүйесіне түсетін салмақ та айтарлықтай артқан. Пайдалану қызметінің мәліметінше, қазіргі қосылған қуат – 7 Гкал/сағ – шекті деңгейінде жұмыс істеп тұр.

Осыған байланысты сапар кезінде облыс әкімі жылу инфрақұрылымын күшейту қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, қосымша қазандық орнату – уақыт күттірмейтін мәселе.

– Қазандықтың қуатын кеңейту – дер кезінде көтерілген бастама. Тағы бір қазандық орнатылса, ауылды тұрақты әрі сенімді жылумен қамтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар жүктемені ұтымды бөлу арқылы жылудың өзіндік құнын төмендетуге жағдай жасалады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңа қазандық іске қосылған жағдайда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені, сондай-ақ жеке сектордың бір бөлігі де орталық жылу жүйесіне қосылмақ.

Қазір өңірлік қызметтер жобаның техникалық шешімдері мен қаржыландыру көздерін нақтылау жұмыстарына кірісіп кетті.


Айна Бакимбаева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу