Ұлан ауданында жолдар жөнделіп, инвестициялар тартылуда
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында биыл 52 шақырым жол жөнделуде. Бұл туралы аудан халқымен кездесуде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді. Ол жол инфрақұрылымын дамыту – ауылдағы өмір сапасын арттыру мен инвестиция тартудың маңызды басымдығы екенін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аймақ басшысының айтуынша, Ұлан ауданы агроөнеркәсіп, өнеркәсіп және туризм салаларында зор әлеуетке ие. 2029 жылға дейінгі даму жоспары аясында 15 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын және 357 миллиард теңге жеке инвестиция тарту көзделген. Сонымен қатар құны 8 миллиард теңгеден асатын жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр.
Кездесу барысында тұрғындар республикалық маңызы бар тас жолдан Митрофановка ауылына дейінгі жол мен Пролетарка ауылындағы ішкі жолдарды жөндеу мәселесін көтерді. Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, жобаларды жүзеге асыру келесі жылға жоспарланған.
Бөлек қаралған тақырыптардың бірі – туристік әлеуеті жоғары Дұбығалы көліне қатынау мәселесі болды. Гагарин ауылы арқылы өтетін жолдың жоқтығы туризмнің дамуына кедергі келтіруде. Осы мәселені шешу үшін көлге апаратын жол аудандық маңызы бар жолдар тізіміне енгізілді.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған барлық сұрақтарына жауап алды. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жол және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жалғасатынын, ал көлік және туристік инфрақұрылымды дамыту өңір жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Дамир Омаров
Фото: Данияр Сағидолдин






