KZ
Өскемен
-18°
небольшой снег жел 3 м/с, З
520.91 544.25 5.29

Өскемендегі өнер музейінде ерекше көрме ашылды

Бүгін, 11:00 114 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан өнер музейінде суретші, график және Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Василий Бильковтың «Мәтін және бейне» атты жеке көрмесі өтіп жатыр. Көрмеге Өскемен тұрғындары мен қонақтары үшін автордың графикалық композициялары, фотосуреттері мен пейзаждары ұсынылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Василий Бильков 1953 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол Өскемен құрылыс-жол институтының сәулет факультетін тәмамдап, Мәскеудегі Орталық тұрғын үй институтының аспирантурасын бітірген. Кейіннен Өскемендегі жоғары оқу орындарында сәулет және дизайн кафедраларында, сондай-ақ балалар өнер мектебінде сызу, кескіндеме және композиция пәндерінен сабақ берген.

Көрме аясында автордың винилге басылған 40 графикалық туындысы көпшілік назарына ұсынылған. Бұған дейін Василий Бильков «Қызыл шаршы», «Ракурс», «Үлкен әлемнің кішкентай құпиялары», «Портал» және «Айналамыздағы гүлдер» сынды көрмелерін ұйымдастырған. Автордың туындылары көрермендерге қоршаған ортадан белгілі бір құбылысты немесе затты абстракциялау процесін терең ұғынуға мүмкіндік береді.

– Василий Бильков соңғы жеті жылда көрермендерді бейнелеу өнеріне ерекше көзқарасымен таң қалдырып келеді. Оның туындылары жұмбақтар мен басқатырғыштарға толы, ал көрменің мәнін ұғыну үшін терең ойлану қажет. Сондықтан біз көрмеге қаладағы шығармашылық бірлестіктердің өкілдерін арнайы шақырдық. Автор интеллектуалды көрерменді іздейді, – дейді өнер музейінің экспозициялық-көрме жұмыстары секторының меңгерушісі Айжан Кәкімжанова.

Көрмеде Бильковтың классикалық пейзаждары («Мөлдір көктем»), архитектуралық формаларды абстракциялау қабілеті («Қала. Орталық»), сондай-ақ «Готикалық ғибадатхана», «Цветаеваның гүлдері», «Қызыл және қара» секілді шығармашылық туындылары ұсынылған. Бұл жұмыстар автордың өмірлік тәжірибесі мен оқытушылық қызметінен алынған идеяларды қамтиды.

«Мәтін және бейне» көрмесі 2025 жылдың 22 қаңтарынан 23 ақпанына дейін келушілерге ашық.

Жанаргүл Мұқатай

Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу